Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкжөтел ауруының алдын алу шаралары туралы

Көкжөтел ауруының алдын алу шаралары туралы

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен « Көкжөтел ауруының алдын алу шаралары туралы» тақырыбында болады.


Сұрақ : Көкжөтел жалпы қандай ауру, несімен қауіпті, осы жөнінде тұрғындарға мағлұмат берсеңіз?
Жауап: Көкжөтел (коклюш) - ауру қоздырғышы бактерия болып табылатын , ауа арқылы жұғатын, ең алдымен тыныс мүшелерін зақымдайтын, әлемде кең таралған жұқпалы аурулардың бірі . Инфекция көзі-көкжөтелмен ауыратын адам. Көкжөтел қоздырғышын тасымалдаушылық аз уақытқа созылады, сондықтан эпидемиологиялық тұрғыдан айналасындағы адамдарға қауіпсіз. Аурудың жасырын, жеңіл түрі кезінде науқастар жан-жағындағы адамдарға ауруды жұқтырғыш келеді. Ауру қоздырғышы қоршаған ортаға науқас адам қатты сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде бөлініп, ауа арқылы сау адамға жұғады .
Көкжөтелдің клиникалық ағымы 4 кезеңнен тұрады: тыныс жолдарының катаралды қабыну кезеңі, ұстамалы жөтел кезеңі, аурудың беті қайту кезеңі және жазылу кезеңі .
Бірінші кезең 12-15 күнге созылады.Бұл кезде науқаста дене қызуы 38 0С -қа дейін көтеріліп, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы, мұрынның бітелуі, жөтел тәрізді белгілер болады. Жөтел бірте-бірте жиілеп, күшейіп ақырында ұстамалы сипатқа ауысады. Бұл уақытта аурудың екінші кезеңі басталады. Әдетте ұстама бірнеше жылдам тыныс шығару қимылдарынан басталып ысқырықты тыныс тартуға ұласады,содан соң тыныс шығару қайта пайда болып ол тағы да ұстамалаы тыныс тартуға ұласады. Ұстаманың соңы шырышты қақырық бөлумен немесе құсумен аяқталады. Бұндай ұстамалар күніге жеңіл жағдайда 5-8 реттен,ауыр жағдайда 40-50 ретке дейін қайталануы мүмкін. Бұл кезең 2-3 аптаға дейін созылады. Соңғы екі кезеңде ұстамалы жөтел азайып,мүлдем жойылады. Бұл кезеңдер 1-3 аптаға созылады.
Бұл аурудың қауіптілігі сол- науқас адам уақытылы емделмеген жағдайда әртүрлі асқыну жағдайларына, оның ішінде бактериялық пневмония,плеврит,бронхит,отит және синусит тәрізді ауруларға ұласуы мүмкін,
Сұрақ : Көкжөтелмен негізінен кімдер ауырады?
Жауап : Аурудың жоғарыда аталған белгілері көп жағдайда осы ауруға қарсы екпе алмаған науқас балалар, иммунитеті әлсіз, жиі ауыратын балалар мен үлкендер арасында жиі кездеседі. Көкжөтелге қарсы егілген балалар арасында ауру жеңіл өтеді. Аурудан кейін өмір бойына сақталатын иммунитет қалыптасады, яғни көкжөтелмен бір ауырған адам қайталап ауырмайды.
Сұрақ: Көкжетел ауруы қазіргі кезде республиканың барлық аймақтарында тіркелуде екенін білеміз , Қызылорда облысы бойынша, Арал ауданы бойынша көкжөтелдің тіркелуі қандай деңгейде, сол жөнінде қысқаша баяндасаңыз?
Жауап: Қазіргі таңда республика көлемінде көкжөтел ауруынан эпидемиологиялық ахуал қолайсыз боп бағалануда. Соңғы мәліметке сүйенсек, республикамызда 2023 жылдың алғашқы 3 айында көкжөтел ауруының нақтыланған түрімен 8 жағдайы тіркелсе, 2024 жылдың осы мерзімінде 719 жағдай тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 89,8 есеге өскен. Қызылорда облысы бойынша тұрғындар арасында 2023 жылдың 3 айында көкжөтел ауруы тіркелмесе, 2024 жылдың осы мерзімінде 9 жағдай тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 9 есеге өскен. Арал ауданы тұрғындары арасында 2023 жылы аурудың алғашқы диагнозымен 2 жағдайы тіркелсе, 2024 жылдың қаңтар айы мен 15-ші жұлдызы аралығында көкжөтел ауруының алғашқы диагнозымен 3 жағдай тіркелді, науқастанушылар- дың барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастар диагнозын нақтылау мақсатында алынған сынамалардан лабораториялық зерттеу қорытындысында ауру қоздырғышы табылған жоқ.
Сұрақ : Көкжөтелдің алдын алу шаралары туралы айтып өтсеңіз?
Жауап :
-Көкжөтелден сақтанудың тиімді, сенімді жолы- осы жұқпаға қарсы екпе жасату. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір дені сау бала өзінің жасына сәйкес, яғни бала өмірінің 2,3,4 айларында көкжөтелге қарсы алғашқы егумен қамтылу керек, одан кейін 18 айында және мектепке алғаш барғанда 6 жасында көкжөтелге қарсы қайталап егу жүргізілуі тиіс. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін айта кеткен жөн.
-Тыныс алу жолдарының инфекциясының белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге уақытылы қаралу
-Науқас адамдармен қарым-қатынаста болмау

Сұхбатыңызға рахмет
Сұхбаттасқан А.НҰРЛАНОВА
13 сәуір 2024 ж. 392 0