Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан тұрғындары арасында көкжөтел ауруының ахуалы

Аудан тұрғындары арасында көкжөтел ауруының ахуалы

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы САТЕКЕЕВАМЕН көкжөтел ауруының эпидемиологиялық ахуалы және алдын алу шаралары туралы болмақ.

-Көкжөтел ауруы туралы, оның белгілері, жұғу, таралу жолдары туралы айтып өтсеңіз?
–Көкжөтел ауруы- адамнан адамға жұғатын, ауа арқылы таралатын, тыныс мүшелерінің зақымдануымен, ұстамалы, булықпалы жөтелмен сипатталатын жұқпалы ауру. Ауру қоздырғышы науқас адам жөтелгенде оның демі мен қақырығы арқылы ауаға тарап, сау адамға жұғады. Көбінесе 8 жасқа дейінгі балалар ауырады. Алғашқы кезде бала жөтеледі, мұрны бітіп, ұйқысы қашады,дене қызуы 38,5-390С-қа дейін көтеріліп, мазасызданады,тамаққа тәбеті болмайды. Бірте-бірте жөтелі күшейіп (әсіресе, түнге қарай), жиілей түседі. 2-3 аптада жөтел жиі ұстағанда булығып, беті қызарып, артынан көгереді,мойнындағы тамырлар ісініп, көздері қанталайды. Ұстама кезінде қысқа жөтел арасында демді ішке тартқан кезде ысқырық секілді дыбыс шығады. Ұстамадан кейін қою шырыш шығады, науқастың құсуы да мүмкін. Науқас уақытылы емделмесе ,ауру асқынып, пневмонияға ұласуы мүмкін.

-Аудан тұрғындары арасында көкжөтелдің тіркелу деңгейі қандай шамада , сол жөнінде қысқаша мәлімет берсеңіз ?
–Жалпы көкжөтел ауруы бойынша республикада эпидемиологиялық ахуал қолайсыз боп бағалануда. Соңғы мәліметке сүйенсек, республикамызда 2023 жылы көкжөтел ауруының 421 жағдайы тіркелсе, 2024 жылдың қаңтар-ақпан айлары мен наурыз айының 15-ші жұлдызы аралығында 392 адам осы инфекциямен ауырған. Қызылорда облысы бойынша тұрғындар арасында 2023 жылы көкжөтел ауруы тіркелмесе, 2024 жылдың осы мерзімінде 5 жағдай тіркеліп, аурушаңдық көрсөткіші 5 есеге өскен. Арал ауданы тұрғындары арасында 2023 жылы аурудың алғашқы диагнозымен 2 жағдайы тіркелсе, 2024 жылдың қаңтар -ақпан айлары мен наурыз айының 26-шы жұлдызы аралығында көкжөтел ауруының алғашқы диагнозымен 3 жағдай тіркелді, науқастанушылардың барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастар диагнозын нақтылау мақсатында алынған сынамалардан лабораториялық зерттеу қорытындысында ауру қоздырғышы табылған жоқ.
–Көкжөтел ауруынан қалай сақтануға болады және алдын алу шаралары бағытында қандай жұмыстар атқырып жатырсыздар,соған тоқталсаңыз?
–Көкжөтелден сақтанудың тиімді бірден-бір жолы – осы жұқпаға қарсы екпе жасату. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір дені сау бала өзінің жасына сәйкес, яғни бала өмірінің 2,3,4 айларында көкжөтелге қарсы алғашқы егумен қамтылу керек, одан кейін 18 айында және мектепке алғаш барғанда 6 жасында көкжөтелге қарсы қайталап егу жүргізілуі тиіс. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін айта кеткен жөн.
-Сонымен қатар бала ағзасын шынықтыратын салауатты өмір салтын ұстану (таза ауада серуендеу, спортпен шұғылдану)
-Жұқпалы ауруларға қарсы күресу, яғни иммунитетті көтеру мақсатында дәруменге толы құнарлы тамақтану
Әрбір ата-ана баласының денсаулығына зор мән бере отырып, көкжөтелден барынша қорғанудың тиімді тәсілі-осы жұқпаға қарсы екпе екенін қаперлерінде ұстаулары қажет.

Сұхбатыңызға рахмет
Сұхбаттасқан: К. ЗДЕНОВА

Фото: el.kz
27 наурыз 2024 ж. 359 0