Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Желшешектің алдын алу шаралары

Желшешектің алдын алу шаралары

Желшешек-адамнан адамға жұғатын, ауа тамшысы арқылы берілетін, бүкіл дененің ноқатты түйінді бөртпесімен көрінетін, ең кең таралған жұқпалы ауру .Желшешек ауруының көзі-тек қана науқас адам. Аурудың жасырын кезеңінің ұзақтығы 10 күннен 21 күнге дейін созылады, орташа 13-17 күн. Ауру адам айналасына инкубациялық кезеңнің соңғы күндерінен бастап, бөртпе кезеңінің барлығында қауіпті. Қауіптілік кезеңі соңғы бөртпе пайда болғаннан кейін, 3-5-ші күні аяқталады.
Жел шешекпен адам барлық жаста ауыра береді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Оның басты себебі, аурудың жоғары жұқпалылығына байланысты, адамдардың басым көпшілігі бала жаста ауырып кетеді, ауырғандарда тұрақты иммунитет қалыптасып, қайтадан ауырмайды.
Аурудың кең таралуының бірден-бір себебі аурудың жоғары жұқпалылығы. Ауруға 75-90%-ға дейін 15 жасқа дейінгі балалар шалдығады. Олардың 80% мектеп жасына дейінгі балалар. Балалар мекемелеріндегі сәбилер басқаларға қарағанда жиі ауырады. Ауруға шалдығу жылдың суық кезеңінде ең жоғары деңгейде болады.
Ауру қоздырғышы-вирус адам ағзасына жоғарғы тыныс жолдары арқылы енеді, ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы адамнан адамға жұғады.
Аурудың клиникалық белгілері: жедел басталады, дене қызуы 380С-қа дейін көтеріліп, адам әлсірейді, Бет терісінде, бастың шашты бөлігінде, шырышты қабықтарда, денеде 2-4 мм көлемде болатын қызыл дақ пайда болып, ол бірнеше сағаттардан кейін сол дақтардың орны күлбірей суланып, нүктелі сулы бөртпелерге айналады, 1-2 күннен кейін олардың сырты қабыршақтанады да, із қалдырмай, түсіп қалады. Бөртпелер қатты қышиды. Әрбір бөртпе шыққан сайын дене қызуы көтеріліп, баланың хал-ахуалы бұзылады. Бөртпелерді қасу мен қабыршақтарын сыдыру-жарақаттарға жұқпа түсіп, олардың  іріңдеуіне әкеліп соғады.
Желшешектің қоздырғышы қоршаған ортады тез өледі, әсіресе жоғарғы температураға төзімсіз, 50-52 0С температурада 30 минуттың ішінде жойылады.
Алдын алу шаралары. Жұқпамен негізінен мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар ауыратындықтан, балалар мекемелерінде індетке қарсы тәртіпті сақтау мен жүргізуге баса назар аударылады. Ең бастысы балалар ұжымына ауру көзін енгізбеу, яғни таңертеңгілік сүзгі жұмысын сапалы жүргізу, сұрау, дене қызуын өлшеу керек.
 Желшешекпен науқастанған адам ауырған сәтінен бастап 9 күнге оқшауланады, науқаспен жақын байланыста болған адамдар 21 күн медициналық бақылауға алынып, дәрігер тексеруінен өтеді. Үй-жайларда күнделікті ылғалды жуып-шаю жұмыстары жүргізіліп, желдетіледі. 
Арал ауданы бойынша «желшешек» жұқпасы 2022 жылдың 10 ай қорытындысымен 3 ауру тіркеліп, 14 жасқа дейінгі бала саны 3 болса, 2023 жылдың 10 айында 57 ауру анықталып, барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр. Аманөткел елді мекенінен 53 ауру тіркеліп, жұқпаның алдын алу мақсатында санитариялық қағида талаптарын сәйкес науқастармен жақын қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, 21 күнге медициналық бақылауға алынды. Ауру анықталған балабақша мен мектепте таңертеңгілік сүзгі ұйымдастырылып, балабақшада және мектеп сыныптарында желдету, ылғалды жуып-шаю шаралары залалсыздандыру ерітінділерін пайдалана отырып жүргізілді. Арал аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары тарапынан ауру тіркелген «Зере» балабақшасы мен №73 орта мектебінде «желшешек» жұқпасының алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, Аманөткел дәрігерлік амбулаториясының дәрігерлерімен бірге медициналық бақылаудың күнделікті үй аралау жұмыстары атқарылды.
A.Сатекеева,
Арал аудандық Сэбб басшысы
21 қараша 2023 ж. 602 0