Көкжөтел ауруының ахуалы және алдын алу шаралары

Көкжөтел ауруы бойынша республикада эпидемиологиялық ахуал қолайсыз боп бағалануда. Соңғы мәліметке сүйенсек, республикамызда 2023 жылы көкжөтел ауруының 421 жағдайы тіркелсе, 2024 жылдың қаңтар-ақпан айлары мен наурыз айының 15-ші жұлдызы аралығында 392 адам осы инфекциямен ауырған. Қызылорда облысы бойынша тұрғындар арасында 2023 жылы көкжөтел ауруы тіркелмесе, 2024 жылдың осы мерзімінде 5 жағдай тіркеліп, аурушаңдық көрсөткіші 5 есеге өскен.
Арал ауданы тұрғындары арасында 2023 жылы аурудың алғашқы диагнозымен 2 жағдайы тіркелсе, 2024 жылдың қаңтар -ақпан айлары мен наурыз айының 26-шы жұлдызы аралығында көкжөтел ауруының алғашқы диагнозымен 3 жағдай тіркелді, науқастанушылардың барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастар диагнозын нақтылау мақсатында алынған сынамалардан лабораториялық зерттеу қорытындысында ауру қоздырғышы табылған жоқ.Көкжөтелден сақтанудың тиімді бірден-бір жолы- осы жұқпаға қарсы екпе жасату. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір дені сау бала өзінің жасына сәйкес, яғни бала өмірінің 2,3,4 айларында көкжөтелге қарсы алғашқы егумен қамтылу керек, одан кейін 18 айында және мектепке алғаш барғанда 6 жасында көкжөтелге қарсы қайталап егу жүргізілуі тиіс. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін айта кеткен жөн.
Сонымен қатар бала ағзасын шынықтыратын салауатты өмір салтын ұстану (таза ауада серуендеу, спортпен шұғылдану) қажет. Жұқпалы ауруларға қарсы күресу, яғни иммунитетті көтеру мақсатында дәруменге толы құнарлы тамақтану керек.
Әрбір ата-ана баласының денсаулығына зор мән бере отырып, көкжөтелден барынша қорғанудың тиімді тәсілі-осы жұқпаға қарсы екпе екенін қаперлерінде ұстаулары қажет.
Арал аудандық Сэбб басшысы Сатекеева Ақзия Қасымқызы
Фото: gov.kz