Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ЭКОМӘДЕНИЕТТІҢ МӘЙЕГІ

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ЭКОМӘДЕНИЕТТІҢ МӘЙЕГІ

Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезекті жолдауында «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деген еді.
Расында, Қазақстан – ұланғайыр даласы мен бай табиғи ресурстары бар ел. Бірақ осы табиғат байлығы мен сұлулығын сақтап қалу –басты міндет. Соңғы уақытта елімізде экологиялық мәселелердің өткірлігі айқын сезіле бастады. Қоқыс полигондарының көбеюі, ауаның ластануы, су ресурстарының азаюы, жасыл желектің азаюы секілді проблемалар қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын арттырып отыр. Арал өңірі де – Қазақстанның ғана емес, әлем назарын өзіне аударған ерекше аймақ. Бір кездері алып теңізімен танылған қала қазір экологиялық проблемаларымен күресіп жатыр. Теңіздің тартылуы аймақ тұрғындары үшін күрделі мәселелер туындатты. Дегенмен, соңғы жылдары қолға алынған жобалар Арал өңірінде табиғатты қорғау және қалпына келтіру бағытында елеулі өзгерістер әкелуде. Соның бірі «Таза Қазақстан» акциясы елімізде экологиялық ахуалды жақсарту, халықтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Басты мақсат – қоршаған ортаны ластанудан қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатты сақтауға барлық деңгейде атсалысу. Акция арқылы келесідей міндеттер орындалады: өзендер мен көлдердің жағалауларын, орман алқаптарын, елді мекендердің маңайын қоқыстан тазарту, халықты табиғатты қорғау шараларына жұмылдырып, жас ұрпақ арасында табиғатқа жауапкершілікпен қарауды насихаттау, қалдықтарды сұрыптап жинау және қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру, ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды кеңейту арқылы ауа сапасын жақсарту.
Еліміздің көптеген аймақтарында рұқсат етілмеген қоқыс полигондарының саны артып келеді. Бұл табиғатқа және адамдардың денсаулығына тікелей зиян тигізеді. Акция аясында Арал қаласының аймағын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, соңғы деректер бойынша, акция барысында 6643,6 тонна қоқыс,қатты тұрмыстық қалдықтар техника-механизмдермен жиналып, арнайы орындарға шығарылған.
Ағаш отырғызу – табиғатты қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Акция барысында қала аумағындажасыл желектерді көбейту үшін2644 түп ағаш көшеттері және түрлі гүлдер отырғызылды. Бұл шара тек экологияны ғана емес, адамдардың өмір сапасын жақсартуға да бағытталған, себебі жасыл аймақтар ауаның тазалығын қамтамасыз етіп, денсаулыққа оң әсер ететіні анық.
«Таза Қазақстан» акциясының маңызды бөлігі – халық арасында экологиялық сауаттылықты арттыру. Мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы дәрістер, семинарлар мен тренингтер өткізіліп, халыққа қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу, табиғатты күтіп – баптау туралы ақпараттар кеңінен берілуі керек.
Акцияның басты ерекшелігі – оған барлық деңгейдегі адамдардың, яғни мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, еріктілер мен қарапайым тұрғындардың белсенді қатысуы. Әрбір азаматтың табиғатқа деген жауапкершілігі артқан сайын, қоршаған ортаны қорғау шараларының тиімділігі де артады.
Акцияның нәтижесінде көптеген аймақтар қоқыстан тазартылып, жасыл желектердің аумағы ұлғаюда. Сонымен қатар мемлекет басшының тапсырмасын негізге ала отырып, Арал ауданы әкімінің бақылауымен қолға алған қала, кент, ауылдық округ әкімдіктері және дербес бөлім басшылары ұжыммен тағыда басқа бірлескен ерікті құрам ұйымшылдықпен әр аптаның сенбісінде қарқынды түрде сенбілікке шығып, табиғатқа, туып өскен өлкеге жанашырлық танытып келеді. Бұл өз кезегінде халықтың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, экологиялық мәдениет қалыптастырары сөзсіз.«Таза Қазақстан» – бұл тек тазарту жұмыстары емес, бұл елдің экологиялық жағдайын түбегейлі жаңартуға арналған ұлттық жоба. Бұл акция табиғатты қорғау мәселелеріне бей-жай қарамауға, ортақ үйіміз – Жерді таза әрі көрікті күйінде сақтауға шақырады.
Таза экология – тек табиғатқа ғана емес, адамның денсаулығы мен әл-ауқатына да әсер етеді. Сондықтан, әрбіріміз «Таза Қазақстан» акциясына өз үлесімізді қосып, болашақ ұрпаққа жасыл, таза және жайлы орта қалдыруға атсалысайық.

Асылхан ЖОЛДАСҰЛЫ
23 қараша 2024 ж. 670 0