Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫ СЕРПІНДІ

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫ СЕРПІНДІ

Туған жердің көркейіп гүлденуіне атсалысу әрбіріміздің борышымыз. Айналаның шашылмауы, көзге көрінетін аймақтардың қоқыстан таза болуы үшін ауданда апта сайын сенбілік жұмыстары жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қолға алынып келе жатқан тазалық жұмыстарына бұл жолы да барлық мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары үлес қосып, өз аулаларына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Секторлар бөлінісіне сәйкес Арал қаласының әр аумағы қоқыстан тазартылып, арнайы карьерлерді тегістеу және сор көлдерді көму жұмыстары жүргізілді. Мұнан бөлек қаланың орталық көшелері мен қоғамдық орындары және жол жиектері құмнан тазаланды.
Бүгінде апта сайын жүргізіліп келе жатқан сенбілік жұмыстарының арқасында қаламыз көрікті мекенге айналып келеді. Мұнан бөлек тазалықты тұрақты сақтау мақсатында қала көшелерінде ұдайы көркейту, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп келе жатқанын айта кетуіміз керек.
Сонымен қатар өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауданға қарасты Қамыстыбас ауылдық округіндегі «Қамбаш» көлінің жағалауына тазалық жұмыстары жүргізілді.
Аудандағы туризмнің табысты ошағы саналған жағажай уақытында көптеген тынығушылардың таңдаулы жеріне айналады. Суға шомылу маусымында таңғажайып кештер мен керемет басқосулардың куәсіне айналатын жағажайдың тазалық жұмыстарына да жанашырлықпен қарау маңызды.
Себебі таза табиғаттың саф алтын ауасы мен сол маңдағы тіршілік атаулыға ретсіз тасталған қоқыс қалдықтарынан айтарлықтай зиян келеді. Біз бақылауға алып, қамқорлық көрсетуіміз тиіс боп табылатын тұмса табиғаттың сол маңдағы тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен ауыл тұрғындары жұмылдырылып, бірлескен істе белсенділік танытты.
Шара барысында көлдің табаны күл-қоқыс пен қураған ағаштардан тазартылып, ретке келтірілді. Жалпы экоакция аясында 2 тоннадан астам қоқыс жиналды.
«Таза Қазақстан» жобасының шеңберінде аудан тұрғындары ел экологиясын сақтауға күш салуда. Айта кетейік, жыл басынан бері бағдарлама аясында аудан көлемінде тазалық жұмыстарына 26 техника жұмылдырылып, 1630 тоннадан аса қоқыс шығарылды.
Г.САҚТАПОВА
27 қыркүйек 2024 ж. 94 0