"Таза Қазақстан": Сенбілік жұмыстары серпінді
Туған жердің көркейіп гүлденуіне атсалысу әрбіріміздің борышымыз. Айналаның шашылмауы, көзге көрінетін аймақтардың қоқыстан таза болуы үшін ауданда апта сайын сенбілік жұмыстары жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қолға алынып келе жатқан тазалық жұмыстарына бұл жолы да барлық мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары үлес қосып, өз аулаларына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Секторлар бөлінісіне сәйкес Арал қаласының әр аумағы қоқыстан тазартылып, арнайы карьерлерді тегістеу және сор көлдерді көму жұмыстарын жүргізді. Мұнан бөлек қаланың орталық көшелері мен қоғамдық орындары және жол жиектері құмнан тазаланды.
Бүгінде апта сайын жүргізіліп келе жатқан сенбілік жұмыстарының арқасында қаламыз көрікті мекенге айналып келеді. Мұнан бөлек тазалықты тұрақты сақтау мақсатында қала көшелерінде ұдайы көркейту, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп келе жатқанын айта кетуіміз керек. Қоршаған ортамызды таза ұстайық жерлестер!
"Толқын" ақпарат