Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарыз алу азаяр емес

Қарыз алу азаяр емес

Ұлттық банктің соңғы мәліметіне қарағанда, банктер халықтың жеке мақсатына 13,1 трлн теңге шамасында несие берген. Жыл басында – 10,3 трлн теңге болса, өткен айға дейінгі өсім 27,2% деңгейінде.

Өңірлер арасында 4,06 трлн теңге (+ 23,03%) несие­сі бар Алматы тұрғындары ең көп қарыз алғандар қатарында. Одан кейінгі орындағы Астана тұрғындарының несиесі 1,37 трлн теңгені (+ 30,5%), Шымкент халқы несиесі 1,04 трлн теңгені (+ 25,4%) құраған.

Сондай-ақ тұтынушылық несиелер Қарағанды облысында – 754,5 млрд теңге (+ 23,1%), Ақтөбе облысында – 554,3 млрд теңге (+ 28,9%), Маңғыстау облысында – 522 млрд теңге (+ 26,2%) салыс­тыр­малы түрде рәсімделген. Ал ең аз несиені Солтүстік Қазақстан (173,6 млрд теңге) және Ұлытау облыстары 124,8 млрд теңге) алған.

Елімізде жыл са­йын халыққа қарыз беру шарты қатаңдатылып, ал мақұлдау талабы күшейгенмен, кепілсіз тұтыну несиелер саны ұлғайып кеткен. Мәселен, екінші деңгейлі банк­тер (ЕДБ) арқылы осы жылдың үшінші тоқсанында мақұлданған несиелер арасында, ірі кәсіпкерлік субъектілер – 51%, ипотека бо­йынша – 44,5%, орта кәсіпкерлік субъектілер – 41,5%, шағын кәсіпкерлік субъектілер – 35,3%, кепілге салынған тұтыну­шылық – 30,6% , кепілсіз тұтыну – 28,7% және автонесиелеу – 17,2%-ды құраған.

Осылайша, кепiлсiз тұтыну не­сие­лерін мақұлдау деңгейi қа­рыз­дардың басқа түрлерiмен салыс­­тырғанда ең төменгi шегін­де тұр.

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) үй шаруашылығының қа­рыз­­дары мен несиелері ІЖӨ-ге қа­тынасы секілді көрсеткіші өзге елдермен салыстырғанда 13,6% -ды құраған. Мәселен, көрші Ресейде көрсеткіш 21%-дан жоғары. Ал Қытайда қарыз жүктемесінің деңгейі тіпті 64,5%. Мамандардың айтуынша, еліміздегі қарыз жүк­те­­месі соншалықты көп емес. Өзге мемлекеттерге қарағанда, бірнеше есе төмен.

Мемлекеттік кредит бюросы­ның (МКБ) соңғы айдағы мә­ліметіне сүйенсек, МҚҰ, кол­лек­торлық және басқа ком­па­нияларда 8,6 млн-нан астам қарыз алушы тіркелген.

Қаржыгер Айдархан Құ­сайынов­тың айтуынша, біздегі тауар­ларды бөліп төлеуге алынған несие­лер халық үшін ыңғайлы. Бірақ статистикада бұл несие ре­тін­де ескеріледі.

«Халық депозиттерінің және халыққа кәсіпкерлік емес несие­лер­дің динамикасын қарадым. Адамдардың «таза жинақтары» тұтас­тай алғанда тұрақты. Халық­ты несиелендірудің негізгі өсімі көбіне «кедейленуден және қорқынышты қарыз алудан» емес, әдеттегідей өмір сүретін адамдардың төрелік есебінен болады. Түрлі жеңілдікті ипотекалар мен тіпті сыйлықақылы автомобильдерге пайызсыз бөліп төлеулер болса, қандай да бір люкс телефондар, теледидарлар, т.б. туралы айтпағанда, депозиттен ақша алудың қажеті жоқ», дейді А.Құсайынов.

Ал қаржыгер Әнуар Бақыт­ха­­­нов­тың айтуынша, көптеген қарыз алушының өз қарызын өтей­тін табысы жоқ болса, бұл қар­жылық тұрақтылық үшін елеу­лі тәуекел болуы мүмкін. Сонымен қатар сарапшы жағдайды тұ­рақ­тандыру үшін халықтың қар­жы­лық сауат­­ты­лығын арттыру және қа­рыз алушылардың төлем қабі­лет­­тілігін бағалауды жақсарту ке­рек­­­тігін атап өтті.

«Қайтаруға шамасы жет­песе де несие алу үй­рен­шік­ті құбы­лысқа айналды. Сонымен қа­тар біраз аза­мат өздерiнiң ба­за­лық қажет­тi­лiктерiн қанағаттандыру және қар­жылық тұрақ­сыздық жағ­дайында күнде­лікті тіршілік үшiн кредиттерге жүгiнуге мәж­бүр екенiн көр­сетедi. Ең алдымен, қар­жылық мүм­кін­діктеріңізді тия­нақты баға­лап, «көтере ал­майтын шоқ­пар­ды бел­ге байлаудан» аулақ болу керек. Екін­шіден, қар­жы­лық сауа­ты­ңыз­ды арттыруға ұм­тылу қажет. Бюджетті мұқият жос­парлау, кірістерді ұлғайту және қажетсіз шығыстарды қыс­­қарту жолдарын іздестіру шарт. Үшін­шіден, борыштық міндет­те­мелерді өтеу проблемалары туын­даған жағдайда оларды қайта құрылымдау үшін қаржы ма­ман­­­дарынан немесе банктерден кеңес алу керек. Сондай-ақ қар­­­жылық жағдайды айтар­лық­­­­тай қиындататын алаяқтық схема­ла­р­ынан сақтану керек», дейді Ә.Бақытханов.

Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: ашық дереккөзден алынды
04 желтоқсан 2024 ж. 114 0