Шойын жолдың шарапаты
Шойын жолдың шарапатын шалғайдағы ауылдар мен шаруасы шираған шартараптың алып шаһарлары да көріп отыр. Шындығында темір жол экономиканың күретамыры екені сөзсіз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн.
Теміржол саласында реформа жасау үшін тариф жүйесі қайта қаралуы керек. Бұл – айдан анық нәрсе. Жаңа тарифтер теміржол желісін қалыпты жағдайда сақтауға және оның тасымал қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы үш ірі инфрақұрылымдық жобаны қолға алды, яғни теміржол салып жатыр. Оның жалпы ұзындығы мың шақырымнан асады. Бұл жобалар бекітілген мерзімде және өте сапалы іске асырылуға тиіс» деген еді.
Таяуда Мемлекет басшысы бұл мәселе жөнінде Үкімет отырысын өткізіп, аймақ және аудан басшыларына міндеттемелер артты.
Аудандық мәжілісте теміржол саласы мен транзиттік әлеуетті және IT саланы дамыту туралы мәселелер қаралып, облыс әкімі тарапынан берілген бірқатар нақты тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Ауданда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына қарасты 2 темір жол вокзалы бар. Екеуі де жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің тізіміне енгізілген.
Бүгінгі күнге Арал қаласындағы темір жол вокзалының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мақсатында демеушілік есебінен жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына жолданған.
Жиын барысында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев «Арал теңізі» теміржол вокзалының аумағына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін арнайы слайд арқылы көрсетіп, орын алған олқылықтар мен тазалық мәселесіне қатысты кемшіліктерді қалпына келтіруді жауаптыларға тапсырды.
– «Арал теңізі» теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенше, вокзалдың сәулеттік келбетін сақтап тұруымыз керек. Осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Бұдан бөлек, теміржол вокзалындағы жолаушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, вокзал ғимаратының ішкі, сыртқы тазалығын қамтамасыз етіп, жолаушыларға жағымды әсер алып кетуі қажет, – деді аудан әкімі А.Оңғарбаев.
Еліміздің халық шаруашылығы жүктерінің сексен пайыздан астамы осы шойын жол арқылы тасымалданады. Темір жол саласының маңызы жыл өткен сайын арта түсуде. Сондай-ақ сала жанданып, жаңаруда. Атап айтар болсақ, тасымалда жаңа вагондар іске қосылып, қызмет көрсету жаңа талаптарға сай жаңарып келеді.
Теміржолшылар елдегі жолаушылар және жүк тасымалын қамтамасыз етсе, темір жолды дамыту жобалары бүтін бір аймақты қалыптастырудың драйвері. Темір жол қай уақытта да мемлекеттің шаруашылық және өндірістік дамуында экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтудегі негізгі саласы болып қала бермек. Ал осы салада қызмет ететін еңбеккерлер қоғамда зор құрметке лайық.
Түйін. Бүгінде темір жол өмір жолына айналған. Иә осынау ұлан-ғайыр даланың о шеті мен бұ шетін байланыстырып жатқан шойын жолы, шынында да, өмір жолына ұқсайды. Пойыз – өмір, ал жолаушы – адам. Сәті түскенде жолға шығып, сапары аяқталған тұста керуеннен түсіп қалып жатады. Ал үкімет бұл жолдың жарқын һәм сапалы болуына күшін аяп қалмайды.
А.ӘДІЛЖАНҰЛЫ