Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күнкөріс деңгейі қалай есептеледі?

Күнкөріс деңгейі қалай есептеледі?

Мемлекеттегі төменгі күнкөріс деңгейі адамның өмір сүру сапасын анықтайды. Оған қажетті шығындардың ең төменгі құнын білдіретін бұл көрсеткіш елімізде кедейлік пен әлеуметтік көмектерді есептеу үшін қолданылады. Мамандардың пікірінше, жан басына шаққанда ең төменгі ақшалай табыс тұтыну себетінің құнына тең болуы керек.

Азық-түлік себеті адамның орташа энергетикалық құнды­лығы күніне 2 175 ккал қамта­масыз етілуге тиіс. Оның ішіне ет, балық, сүт, май, нан, көкөністер мен жеміс-жидек, жұмыртқа, қант, шай, дәмдеуіштер секіл­ді тағамның 43 түрі кіреді. Өнімдерді тұтынудың орташа нормасы, жылға есептегенде, қара нан – 25 кг, қара бидай наны – 42 кг, қарақұмық жармасы – 7,4 кг, көкөністер – 149 кг, жеміс-жидек – 132 кг, ет және ет өнімдері –78,4 кг, сүт және сүт өнімдері – 301 кг, қант пен кондитерлік өнімдер – 33 кг болуға тиіс. Еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі қараша айында 49 756 теңгені құраған. Бұл көрсеткіш қазан айында 55 079 теңге болған, бір айда 9,7%-ға күрт азайған. Сәйкесінше, ең төменгі қажеттіліктерге кететін жалпы сома да аз.

Сонымен ең жоғары күн­көріс деңгейі Маңғыстау облысында (60 561 теңге), Астанада (53 560 теңге) және Алматы қаласында (53 167 теңге), ең аз қажеттілік Түркістан (45 528 теңге), Ақтөбе (44 957 теңге), Қызылорда (44 625 теңге) облыстарында тіркелген. Алайда бір адамның айына тұтынатын қажеттіліктеріне көрсетілген со­маның жетуі көпшілікке кү­мән туғызып отыр.

Жақында Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов еліміздегі тамақ өнімдерін тұтыну туралы норма халықаралық стан­дарт­тарға сәйкес келмей­тінін, сондықтан тұтыну себетіндегі тамақ өнімдері мөлшерін ұлғайту керектігін айта келіп, ең төменгі күнкөріс деңгейін 115 710 теңгеге көтеруді ұсын­ды. Маман­дар­дың пікірінше, адамның күн­көрісі тек тамақ қана емес, оның мәдени өмірі де ескерілуі керек. 80 мыңның төңірегіндегі там-тұм жалақы елдің айлығын шайлығына жет­кізбейді. Сол тұрғыда төменгі күнкөріс деңгейін қайта есептеу халықтың әл-ауқатын көтеруге аз да болса себеп болатыны анық. Біздегі кедейлік шегі халықаралық стандарттардан әлдеқайда төмен. Елімізде белгіленген төмен­гі жалақыдан да аз айлық алатындардың саны былтыр мил­лионнан асқан. Сарап­шылар егер осы әдіс енгізі­летін болса, ең төменгі күнкөріске кете­тін қаражат та ұлғайып, атау­лы көмек алатындар саны да арта­тын­дығын айтып отыр. Өткен жылы медиандық табыс, яғни орташа табыс арқылы есептелетін төменгі күнкөріс шегі 73 мың теңгенің төңірегінде болған.

Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: ашық дереккөзден алынды 
12 желтоқсан 2024 ж. 42 0