Әділетті қоғам қалыптастыру қажет
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның әл-ауқаты мен дамуына кедергі келтіретін ең ауыр әлеуметтік проблемалардың бірі. Жемқорлық тек қана бір жеке адамның заңсыз әрекеттері емес, ол мемлекеттің басқару жүйесін, қоғамдық тәртіпті, әлеуметтік теңдікті бұзып, қоғамның барлық салаларына елеулі зиян тигізеді. Жемқорлық – қоғамның дерті. Ол елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік құрылымына елеулі зиян келтіріп қана қоймай, мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуына қауіп төндіреді.
Сыбайлас жемқорлықтың тағы бір қауіпті жағы – ол қоғамның моральдық-этикалық құндылықтарын бұзады. Халық арасында заңсыз әрекеттерді қалыпты жағдай деп қабылдау кең тарайды. Олардың санасында «әділ жол мен жетістікке жету мүмкін емес, бәрін парамен немесе таныс арқылы шешуге болады» деген келеңсіз ой қалыптасады. Бұл – қоғамның болашағына жасалған ауыр соққы.
Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес – кез келген мемлекет үшін аса маңызды және кешенді шараларды талап ететін міндет.
Біріншіден, жемқорлықты түбірімен жою үшін құқықтық базаны күшейту қажет. Заңдарды бұзған тұлғаларды қатаң жауапкершілікке тарту, парақорлық пен заңсыз әрекеттерге қатысты жазаны күшейту арқылы мемлекет өз азаматтарына жемқорлықтың ауыр қылмыс екенін көрсетуі керек.
Екіншіден, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету маңызды. Мемлекеттік сатып алу, қаржылық операциялар және қызмет көрсету процестерін автоматтандыру арқылы жемқорлық әрекеттерін азайтуға болады. Электронды үкімет жүйесі осы бағытта тиімді құрал болып табылады. Жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдардың жұмысын қоғамдық бақылау және азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру да маңызды рөл атқарады.
Үшіншіден, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қажет. Адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды насихаттау арқылы қоғамдағы жемқорлыққа деген төзімсіздік деңгейін арттыруға болады. Әрбір азамат жемқорлыққа төзбеушілік танытып, адалдық пен әділдікке негізделген қоғам құруға үлес қосуы керек. Осы ретте, Мемлекет жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында заңдарды қатаңдату, мемлекеттік басқаруды ашық ету және халықтың құқықтық мәдениетін көтеру сияқты шараларды белсенді жүзеге асыруда. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде біз әділетті, дамыған және тұрақты қоғам құрып, еліміздің болашағын жарқын ете аламыз.
Б.ҰЗАҚОВ,
Арал қаласының әкімі