Дезинфекция, дезинсекция мен дератизация туралы не білеміз?
Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен дезинфекция, дезинсекция мен дератизация жөнінде болмақ.
– Саламатсыз ба, Ақзия Қасымқызы. Дезинфекция, дератизация, дезинсекция дегеніміз не? Түсіндіріп айтып өтсеңіз...
Жауап: Дезинфекция (залалсыздандыру) дегеніміз – сыртқы ортада инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын әртүрлі дезинфекциялық препараттарды және құрал-жабдықтарды қолдана отырып жоюға бағытталған шаралар жүйесі.
Дератизация – індет ауруларын тарататын кеміргіштерді (егеуқұйрық, тышқан, саршұнақ және т.б.) жоюға немесе санын азайтуға бағытталған іс-шараларының кешені.
Дезинсекция (– ауру қоздырғыштарын тарататын зиянды жәндіктерді жою үшін мал фермаларында, құс фабрикаларында, ет комбинаттарында, қоймаларда, т.б. қолданылатын малдәрігерлік-санитарлық шаралардың бірі.
Сұрақ: Дезинфекцияның канша түрі бар?
Қолдану мақсатына қарай дезинфекция (залалсыздандыру) екі түрге бөлінеді: сақтық (профилактикалық) залалсыздандыру және ошақтық залалсыздандыру (күнделікті немесе ағымдық және қорытынды).
Сақтық ( профилактикалық) залалсыздандыру шаралары емдеу-сауықтыру мекемелерінде ауруханаiшiлiк инфекцияның алдын-алу мақсатымен жүргiзiледi.
Ошақтық залалсыздандырудың ағымдық түрінде инфекциялық және паразиттік ауру ошағындағы ағымдағы дезинфекциялауды науқасты күтетін адам, реконвалесцент немесе бактерия тасымалдаушы науқасты анықтаған сәттен бастап ауруханаға жатқызғанға дейін, үйде емдеу кезінде – сауыққанға дейін, реконвалесценттерде және бактерия тасымалдаушыларда – толық санацияға дейін жүргізеді.
Сұрақ: Дезинфекция, дератизация, дезинсекция жұмыстарын қалалар мен жергілікті жерлерде қандай мекемелер жүргізеді?
Жауап: Дезинфекция, дератизация, дезинсекция жұмыстарын қалалар мен жергілікті жерлерде осы шараны жүргізуге арнайы ұлықсаты бар мекемелер мен жеке кәсіпкерлер жүргізеді.
Сұрақ: Дезинфекция, дератизация, дезинсекция кезінде қандай қауіпсіздік шаралары сақтаған жөн?
Жауап : 1.Жұмыс жүргізу үшін жасы 18- ден кем емес арнайы медициналық талаптарға сай, арнайы тексеруден өткен адам ғана осы жұмысқа жіберіледі.
2.Мамандығы бойынша рұқсат қағазын алған тұлға ғана жұмыс істеуге құқылы болып табылады.
Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкер арнайы оқу-тәжірибеден өткен және де еңбек ережелерімен танысқан болуы керек.
Дезинфекция, дератизация, дезинсекциялық жұмыстарын жүргізетін адамдар жұмыс істеу барысында арнайы киіммен: халат, аяқ киім, респираторлар, резиналық қолғаптар, көзілдіріктер кию қажет және жеке бас қауіпсіздік заттарымен қамтамасыз етілуі тиіс.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: К. ЗДЕНОВА