Жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау туралы не білеміз?
![](/uploads/posts/2025-01/1736483781_8.jpg)
Вакцинациялау құрөзектен, сіреспеден, көкжөтелден және қызылшадан жыл сайын 2-3 миллион өлімнің алдын алады.
Қазақстан Республикасында балаларды вакцинациялау Қазақстан Республикасының профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес, дәрігердің алдын ала тексеріп-қарауынан кейін, қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда және заңды өкілдерінің бірінің ерікті келісімі бойынша жүргізіледі. Екпелер тек жеке өзінің денсаулығы үшін ғана емес, сонымен қатар қоғам саулығы үшін іске асырылады (ауруға шалдыққан тұлға инфекция көзі болып, айналасындағылар үшін қауіпті болып табылмақ. Ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін тұрғындарды иммунизациялауға тиісті 95% тұрғындарына екпе жасату қажет. Тұрғындарды иммунизациялаумен толық қамтылмауы инфекциялық аурулар ошағының өршуіне соқтыру мүмкін, (мысалы, 1995 жылы республикада күл (дифтерия) дертінің өршу дерегі тіркелген: 1105 адам ауруға шалдығып, соның ішінен 66 көз жұмған).
Қазақстанда тұрғындарды иммунизациялау үшін Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеудің емшарасынан өткен вакциналар қолданылады. Тіркелетін вакцина үшін өндіруші-елінде мемлекеттік тіркеуінің болуы, сондай-ақ өндіруші-елінде және басқа елдерінде клиникалық қолдануы бойынша деректерінің болуы талап етіледі. Балаларды екпемен қамтамасыз ету мақсатында, вакцинаның өндірілуі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификатталған, сапасына кепіл берілген вакциналар Қазақстанда сатып алынады. Франция, Англия, Жапония, Ресей, Бельгияның озық технологиямен жасалған вакциналары бар, бұл вакциналар дүние жүзінің 120 мемлекетінде қолданылады.
Вакциналарды ойлап шығару – медицинаның ең үлкен жетістігі. Өзіңізді және балаңызды денсаулыққа қайтымсыз зиян келтіретін, кейде өліммен аяқталатын қорқынышты аурулардан қорғаудың ең тиімді және кейде жалғыз жолы болып табылады.
А.САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы