Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау туралы не білеміз?

Жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау туралы не білеміз?

Бүгінгі  біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен  «Жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау  туралы не білеміз?» тақырыбында өрбімек .
Сұрақ: Жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау не үшін қажет және қандай ауруларға қарсы жүргізіледі?
Жауап:Әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау иммунитетті күшейту және ағзаны көптеген ауыр вирустық және бактериялық жұқпалы аурулардан қорғау үшін жүргізіледі. Вакцинациялау немесе профилактикалық препараттарды енгізу 20 түрлі инфекцияға  қарсы жүргізіледі. Екпелер балаларға да, ересектерге де жасалады,бұл ретте оларды ең жоғары тиімділік үшін бекітілген Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес алу ұсынылады. Ұлттық егу күнтізбесі бойынша  екпе жүргізілетін инфекциялар қатарына  туберкулезге қарсы (БЦЖ);гепатитке қарсы;полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе (АКДС);b типті гемофильді инфекция;пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық және паротит (шошқалар) және басқа да инфекциялар жатады.
Сұрақ: Жұқпалы ауруларға қарсы егілудің қандай маңызы бар?
Жауап :Вакцинация жүргізудің арқасында жоғарыда аталған инфекциялардың ауру деңгейі азайып, өлім көрсеткіші төмендеді, ал тиімді вакцинаның арқасында қара шешек пен полиомиелит аурулары жойылды. Вакцинациялау құрөзектен, сіреспеден, көкжөтелден және қызылшадан жыл сайын 2-3 миллион өлімнің алдын алады.
Сұрақ: Вакциналау Қазақстан Республикасында қалай жүргізілуде,екпе алмаған жағдайда қандай салдары бар ?
Жауап:Қазақстан Республикасында балаларды вакцинациялау Қазақстан Республикасының профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес, дәрігердің алдын ала тексеріп-қарауынан кейін, қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда және заңды өкілдерінің бірінің ерікті келісімі бойынша жүргізіледі. Екпелер тек жеке өзінің денсаулығы үшін ғана емес, сонымен қатар қоғам саулығы үшін іске асырылады (ауруға шалдыққан тұлға инфекция көзі болып, айналасындағылар үшін қауіпті болып табылмақ. Ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін тұрғындарды иммунизациялауға тиісті 95% тұрғындарына екпе жасату қажет. Тұрғындарды иммунизациялауға тартудың толық қамтылмауы инфекциялық аурулар ошағының өршуіне соқтыру мүмкін, (мысалы, 1995 жылы республикада күл (дифтерия) дертінің өршу дерегі тіркелген: 1105 адам ауруға шалдығып, соның ішінен 66 көз жұмған).
Сұрақ: Қазақстанда тұрғындарды вакцинациялау үшін қандай вакциналар қолданылады?
Жауап : Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеудің емшарасынан өткен вакциналар қолданылады. Тіркелетін вакцина үшін өндіруші-елінде мемлекеттік тіркеуінің болуы, сондай-ақ өндіруші-елінде және басқа елдерінде клиникалық қолдануы бойынша деректерінің болуы талап етіледі. Балаларды екпемен қамтамасыз ету мақсатында, вакцинаның өндірілуі ДҰҰ сертификатталған, сапасына кепіл берілген вакциналар Қазақстанда сатып алынады.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан К. ЗДЕНОВА
23 қазан 2024 ж. 181 0