Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұқпалы аурудың алдын алған абзал

Жұқпалы аурудың алдын алған абзал

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен "Жұқпалы ауруларға қарсы егіліңіз!" тақырыбы аясында болмақ.

Сұрақ: Әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы қолданылатын вакциналардың маңыздылығы жөнінде айтып өтсеңіз, вакциналарды қолдана отырып, әлемде қандай жұқпалы аурулар жойылды немесе азайды?
Дүние жүзінде әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакциналарды қолдана отырып, бүгінгі таңда 1,5 млрд адам түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егілуде, 173 мемлекетте профилактикалық егулер жүргізілуде, егулердің арқасында жыл сайын әлемде 3 миллионға жуық адамның өмірін сақтап қалуға, 750 мың баланы мүгедектіктен қорғап қалуға мүмкіндік туды. Вакциналарды қолдану арқасында қазіргі таңда құрөзек, сіреспе, көкжөтел, туберкулез, қызылша, қызамық, шошқа мойын, туа біткен қызамық синдромы, вирусты гепатит «В», пневмококк, Б-типті гемофильді жұқпаларға қарсы профилактикалық егу шараларын жүргізу арқылы ауру деңгейін азайтып, өлім көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік туды, ал тиімді вакцинаның арқасында қара шешек пен полиомиелит аурулары жойылды.
Сұрақ: Жұқпалы ауруларға қарсы егілмеген жағдайда қандай мәселелер туындауы мүмкін ?
Жұқпалы ауруларға қарсы егілмеген жағдайда дүние жүзінде жыл сайын бес жасқа дейін 12 млн. бала түрлі аурулардан қайтыс болады, солардың 2,5 милионға жуығын қажетті вакциналарды уақытында егу арқылы аман алып қалуға болар еді. Вакциналар балаларды жұқпалы аурулармен табиғи жолмен ауырып, қиналу, аурудан соң асқыну, тіпті өліп кету жағдайларынан сақтандыра отырып, балада осы жұқпалы ауруларға қарсы иммунитет , яғни ауруға қарсы тұра білу қабілетін қалыптастырады.
Сұрақ : Ауа арқылы таралатын қандай аурулар бүгінгі таңда жиі тіркелуде?
Ауданымызда өткен жылдан бастап ауа арқылы таралатын қызылша ауруы, көкжөтел аурулары тіркеліп, эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз жағдайда қалыптасты. Арал ауданында қаңтар-мамыр айларында қызылша ауруының алғашқы диагнозымен 182 жағдайы тіркелсе, оның ішінде 74 ауруда диагноз зертханалық жолмен нақтыланды. Соңғы 3 айда қызылша ауруы мүлдем тіркелген жоқ. Көкжөтел ауруына күдікті 6 ауру тіркеліп, бес балада диагноз зертханалық жолмен нақтыланды .
Қызылша,көкжөтел ауруларынан қорғанудың бірден -бір сенімді әрі тиімді жолы –балаларды профилактикалық егу шарасының күнтізбесіне сәйкес осы ауруларға қарсы ектіру.
Сұрақ: Екпеден кейін бала бойында иммунитет қандай деңгейде беріледі?
Ана сүтін еметін балаларға да вакцинация жасалуға тиіс, себебі ана сүтіндегі антиденелер ананың иммундық жүйесімен өндірілген, олар бірнеше апта ғана әсер етеді де қысқа мерзімді қорғанысты ғана бере алады. Сондай-ақ мұндай антиденелердің түрі аз болуына байланысты сәби кейбір инфекциялардан қорғанғанымен басқаларына бейім болуы мүмкін. Әдетте вакцинациядан кейін дамитын антиденелер баланың имммундық жүйесімен өндіріледі және сәйкесінше иммунологиялық түрде есте сақталады, иммунитеттің бұл түрі белсенді иммунитет деп аталады, яғни иммундық жүйенің есінде сақталып, қоздырғышты танып, оны жояды.
Сұрақ: Егу шараларына қай мемлекеттердің вакцинасы қолданылады?
– Егу шараларына Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының арнайы тексеруінен өтіп, қауіпсіздік талаптарына сай сертификат берілген вакциналар қолданылады, оның ішінде Франция, Англия, Жапония, Ресей, Бельгияның озық технологиямен жасалған вакциналары бар, бұл вакциналар дүние жүзінің 120 мемлекетінде қолданылады.
Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан: К. ЗДЕНОВА

Сурет: egemen.kz

18 қыркүйек 2024 ж. 120 0