Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заманауи үйірме

Заманауи үйірме

Ақпараттық технологиялар (ІТ) бүгінде жаһандық өзгерістердің басты қозғаушы күшіне айналды. Әлемнің кез келген нүктесін бір сәтте байланыстырып, шексіз мүмкіндіктер сыйлайтын бұл сала адамдардың өмір сүру дағдысын, жұмыс істеу тәсілін және білім алуды түбегейлі өзгертті. ХХІ ғасырды ақпарат ғасыры деп атау кездейсоқ емес, себебі ІТ саласының ықпалы адамзаттың әрбір саласына таралды.
Ел Президентінің цифрландыру мәселесі мен IT саласына ерекше назар аударатыны бәрімізге аян. Осы жолда нақты жоспарлар даярланып, іске асуда. Оған «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекет­ке айналдыру. Цифр­лан­дыру ісінде нақты жетіс­тік­теріміз де жоқ емес. Біз электрон­ды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбас­шы­ларының қатарында тұрмыз.
2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек» деген сөзі дәлел.
Оқушылардың ақпараттық технологияларға қызығушылығын арттыру, олардың шығармашылық қабілетін дамыту және IT саласындағы негізгі дағдыларды меңгерту мақсатында аудандық Оқушылар үйінде «ІТ әлемі» үйірмесі жұмыс істейді. Бұл – аудандағы ресми ашылған алғашқы үйірме.
Үйірме 4-9 сынып оқушылары үшін арнайы құрылған. Басты мақсаты – оқушыларға бағдарламалау, графикалық дизайн және жасанды интеллект негіздерін үйрету арқылы олардың заманауи технологияларға бейімделуін қамтамасыз ету. Үйірме туралы жетекшісі Шолпан Болатбекқызы:
 Сабақ ұзақтығы 1,5 сағатты құрап, аптасына 2 рет ұйымдастырылады. Олар арнайы жасақталған IT кабинеттерінде өткізіледі. Әрбір сабақ теория мен практиканы қатар қамтиды, яғни балалар өздері үйренген білімдерін бірден тәжірбиеде қолданады.
Үйірмеге 4-сыныптан 9-сыныпқа дейінгі оқушылар қатыса алады. Әр топта орта есеппен 10-15 оқушыдан болады, ал жалпы үйірмеге бүгінде 50-ден астам оқушы қатысуда, – дейді.
Айта кететін жайт, Оқушылар үйінде салаға қатысты бір-бірімен тығыз байланыста «3D және мобилография», «Робототехника» үйірмелері де жұмыс жасайды.
Бүгінде Python, Scratch бағдарламалау тілінде жоғары дәреже көрсетіп, инновациялық жобаларды көрмеде таныстырып жүрген оқушылардың жетістіктері де аз емес. Айта өтсек, 2021 жылы «Табиғатты  аяла» жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің  республикалық форумында «Туған өлке тарихы» номинациясы  бойынша «ІТ әлемі» үйірмесінің  мүшесі  Нұрбек Райханов І орын алса, 2022 жылы Облыстық IT жобалар Хакатонында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын жеңіп алды.
«Мамандықтар әлемін ашамыз!» тақырыбындағы республикалық форумның облыстық кезеңінде «Мен мамандықты таңдаймын» номинациясы бойынша «SmartLab» үйірмесінің мүшесі Санжар Шуақбаев жүлделі І орынды және республикалық кезеңге жолдама алды.
2023 жылы «Robotek Grand Tournament» байқауының облыстық кезеңінен «Робототехника» үйірмесінің  мүшелері  Біләл Нұғыман ІІ орын,  Елдос Қожабаев және  Райымбек Көшербаев ІІІ орын иеленіп, мерейімізді өсірді. Ал өткен жылы «Қазақстан балалары шексіз әлемде!»  балалар киносының республикалық фестивалінің облыстық кезеңінде «Stop-Motion-Видео» номинациясы бойынша Раймбек Көшербаев республикалық кезеңге жолдама алып, аудан намысын қорғады.
Үйірменің сәтті жұмыс істеуі үшін заманауи құралдар мен техникалық жабдықтар қажет. Қазіргі таңда үйірме компьютерлермен, интерактивті тақта, ғаламтормен және бағдарламалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– «IT әлемі» үйірмесі оқушылардың заманауи технологияларға қызығушылығын арттырумен қатар, олардың болашақ мамандықтарын таңдауда үлкен көмек береді. Үйірме арқылы олар бағдарламалау, веб-дизайн және жасанды интеллект негіздері бойынша білім алады. Бұл дағдылар болашақта жұмысқа орналасу немесе жоғары оқу орындарына түсу үшін пайдалы. Сонымен қатар үйірме аясында жасалған жобалар оқушыларды ғылыми жарыстарға, олимпиадаларға қатысуға дайындайды. Сабақ барысында шығармашылықтарын дамытып, топпен жұмыс істей отырып, көшбасшылық және сыни ойлау қабілеттерін шыңдайды.
Біз әрбір баланың жеке қабілетіне қарай да жеке сабақтар ұйымдастырамыз. Оған ата-ана да, бала да дән риза. Болашақта оларды халықаралық IT жарыстарға қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Осы арқылы Қазақстанның ақпараттық технология саласына өз үлесімізді қосып, болашақта мықты мамандарды тәрбиелейтінімізге сенімдіміз, – дейді Оқушылар үйінің басшысы Қанағат Махамбетова.
IT – бұл тек компьютерлер мен бағдарламалық қамтамасыз ету ғана емес, ол – үлкен экожүйе. «IT әлемі» үйірмесінің жастарға осындай мүмкіндік бере отырып, елімізде жаңа көшбасшыларын дайындайтынына сеніміміз мол.
Г.САҚТАПОВА
13 қаңтар 2025 ж. 30 0