МОБИЛЬДІ АУДАРЫМ: FAKE ЖӘНЕ FACT
Мобильді аударымдар дегеніміз – жеке тұлғаның шотынан екінші жеке тұлғаның шотына белгілі бір көлемде жіберілген қаржы. Бұл күнделікті өмірімізбен тығыз байланысты транзакциялардың заманауи және қолайлы тәсілдің бірі.
Кәсіпкерлер өздерінің тауары мен көрсетілетін қызметіне ақы төлеу үшін бастапқыда жеке тұлғалар арасындағы түрлі мақсаттар үшін ақша қаражатының қозғалысына арналған бұл жүйені барлық жерде пайдалана бастады. Бүгінде қазақстандықтар қолма-қол ақшаны көп пайдаланбайды. Қолындағы ұялы телефоны арқылы саудасын жасап, ақшаны мобильді телефон арқылы жолдай береді. Яғни смартфон азаматтардың әмиянына айналды.
Мобильдік аударымдарды тексеру не үшін керек?
Мобильді аударымдарды бақылау заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Бір жеке тұлғаның 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан қатарынан күнтізбелік 3 айдың ішінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банк шотына ақша қаражатын алуы өлшем болып табылады.
Осыған байланысты Қазақстанда азаматтардың алған мобильді аударымдарын кезең-кезеңімен тексеру басталды. Банктерден ақпарат кезең кезеңімен беріледі. Олар 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша) мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына тапсырып қойды. Ал 2024 жылы – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша (2023 жылдың қорытындысы бойынша) тізімдері қалыптасады. Осылайша, алдағы жылы жалпыға бірдей декларацияның бірінші және екінші кезеңдерінің қатысушылары туралы 2023 жылғы ақпарат берілмек.
2025 жылдан бастап оларға жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша (2024 жылдың қорытындысы бойынша), ал 2026 жылдан бастап халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысы бойынша) декларация тапсыруға тиісті қалған қазақстандықтар қосылады.
Өлшемшарт көлемі нақты белгіленген бе?
Қаржы министрлігінде өткен баспасөз маслихатында мобильді аударымдарға қатысты жауап айтылды.
Үкімет көлеңкелі экономиканы бақылау үшін азаматтардың алыс-берісін қатаң бақылайды. Егер бір азаматқа ай сайын 100 немесе одан да көп тұлғадан 3 ай қатарынан мобильді аударым жасалса ол бірден екінші деңгейлі банктің назарына ілігеді. Яғни мұндай аударымды алып отырған тұлға кәсіпкерлік іспен айналып отыр деген сөз, – дейді салықшылар.
Кіріс комитеті өкілдерінің айтуынша жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар арасында салық төлеуден жалтарып жүргендер көп. Олардың бұл әркеттерін мобильді аударымдар арқылы бақыламақ.
Өлшемшарт негізінде 3 ай қатарынан 100 немесе оданда көп тұлғалардан мобильді аударым алған тұлғалар ғана назарға ілінеді. Ашып айтар болсақ, қаңтар айында 100 түрлі адам, яғни ол 100 аударым емес, содан соң ақпан айында 100 түрлі адам, наурыз айында 100 түрлі тұлғадан мобильді аударым келіп түссе, екінші деңгейлі банк мәлімет береді. Одан әрі бұл салық органдарына оның кәсіпкерлікпен заңсыз айналысатыны туралы ойлауға негіз болады.
Сондай-ақ кіріс комитеті өкілдері: мобильді аударымдарды бақылауда отбасы мүшелері де бақыланады. Егер ай сайын 3 ай қатарынан аударым қайталанса бақылауға алынады. Бұл орайда тойшыл қазақтар құзырлы органның назарына ілініп қалуы мүмкін.
Салықшылар мобильді аударымдар бойынша шекті сомманы 255 мың теңге деп белгілеп отыр. Алайда бұл норма күшіне енген жоқ. Ұлттық банкпен келісу сатысында тұр. Ұлттық банк келіскен жағдайда аталған бұйрық қайтадан өзгеріске енгізіледі. Ал егер келіспеген жағдайда айтылған бірінші өлшемшарт өз күшінде қалады.
255 мың теңге қайдан шықты?
Бізде Кәсіпкерлік кодексі бар. Кодекс бойынша бір жыл көлемінде 12 еселенген ең төменгі жалақы көлемінде адамдар дара кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ пайда таба алады. Яғни осы норманы аттап кетпеу мақсатында, 255 мың теңге деген меже қою жоспарланған. Өйткені ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болса, соның 3 еселенген мөлшері 255 мың теңгеге тең.
Бірақ бір адамның аударымы 255 мың теңгеден асып кетуі мүмкін. Сондықтан 100 түрлі тұлғадан түсетін ақша аударымдары қадағаланады. 100 тұлғадан болғандықтан, сома маңызды емес. 255 мың теңгеден асса да, аспаса да, қиындық туындамайды.
Такси жүргізуші қалай салық төлейді?
Мобильді аударымдар көлік тасымалымен айналысып жүргендерге де қатысты. Ендеше көбіне төлемді Kaspi.kz қосымшасы арқылы қабылдайтын көлік тізгініндегі «таксистің» күні қалай болмақ? Аталмыш мәселенің астарын ақтарып қарасақ, әбігері көп демесеңіз, мемлекет мұның да шешімін қарастырып қойған екен.
Такси жүргізушісі жеке тасымалдаумен айналысса, міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет. Бүгінде барлығы жеңілдетілген. «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары («Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit») арқылы кәсіпкер ретінде тіркелуге болады.
– Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады. Сол жерге көрсетілген қызметтер үшін төлемдер түседі. Ол үшін тек смартфон қажет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ. Дегенмен алдағы уақытта толықтырулар мен өзгертулер болады, – деді Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Роза Оралбайқызы.
Кәсіпкерлер салық төлеу мәдениетін қалыптастыру керек
ҚР Конститутциясының 35-бабына cәйкес заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті. Қазіргі таңда кей кәсіпкерлер салықтан жалтару мақсатында тұтынушылардан қолма-қол ақша талап етуде. Егер сіз тұтынушы ретінде қандай да бір зат немесе азық-түлік сатып алар болсаңыз, сіз үш түрлі төлем түрімен кері байланыс жасай аласыз. Ол қолма-қол ақша, банк есепшоттары мен QR-кодтар арқылы. Сатушы немесе кәсіпкер банк есепшоттары мен мобильді аударым жасаудан бас тартатын болса, ол заңсыз болып табылады. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет. Әр кәсіпкер тауармен қоса кассалық чек беруі керек. Бұл – бұрыннан бар талап.
– Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. Ал қайталап бұзған жағдайда ӘҚБтКнің 194-бабы бойынша шағын сәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК көлемінде, яғни 157 280 теңге айыппұл салынады, – деді Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Роза Оралбайқызы.
Туыс адамдар арасындағы ақша аударымдары қалай қадағаланады?
Ағайын-туыс, бауырлар арасындағы ақша аударымдары бұрынғыдай жалғаса береді. Өйткені, туыс адамдар өз қаражатын бір-біріне пайдалануға, қарызға беретіні қалыпты жағдай. Түсінеміз, қазақ халқында той, ас жиі болып тұрады. Мұндай жиынға барғандар дастарқан иесіне міндетті түрде көмек ретінде ақша береді. Қазір мұның басым бөлігі мобильді аударым арқылы атқарылып жатқаны белгілі. Сіз той жасайсыз, сол кезде сіздің атыңызға 100 емес 200 адамнан ақша түсуі мүмкін. Бірақ сіз ай сайын той істей бермейсіз ғой. Сондықтан жаңа ереже тек кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларға қатысты.
Садақа мен қайырымдылыққа мобильді аударым қатысты ма?
Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер комитеті садақа мен қайырымдылыққа жиналған ақшаны да тексереді. Бас сарапшының айтуынша, мобильді аударымдар арқылы садақа, қайырымдылық және ем-шараларына жиналған қаражат кәсіпкерлік мақсатта жиналып жатқан қаражат емес. Яғни оған салық салынбайды. Тек кәсіпкерлік мақсаттағы аударымдарға ғана салық салынады. Ал емге жинап жатса, оны құжаттар арқылы растайды. Оларға хабарлама жолданса, ол тұлғалар құжат бойынша әрекеттерін растауы керек. Олардан жеке табыс салығы алынбайды. Хабарлама салық төлеушінің кабинетіне барады. Ол жерде түсінік беру деген батырма бар. Сол жерге құжаттарын нақтылап жолдайды.
Бұл жағдай қалай ескерілетіні жөнінде БАҚ-қа берген сұхбатында Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Ерқанат Шыңберген түсіндіріп берді.
– Төлемдердің мақсаты мен себебін анықтау бойынша тексеру жүргіземіз. Камералық бақылау аясында хабарлама жолданғаннан кейін салық төлеуші хабарламаға түсіндірме бере алады. Ол түсіндірме аясында «осындай жағдайлармен төлемдерді қабылдадық» деп айтса, біз әрине оны кіріс ретінде қабылдамаймыз. Негізінде Салық кодексінде бұл кіріске жатады. Дегенмен корректировка деген нәрсе бар. Ондай кірістерге салық салынбайды. Ол декларацияда көрсетілген. Бірақ ол кірістерге салық төлемейді. Сол себептен мұндай жағдайларды біз ескереміз, – деді ол.
Табысын жасырғандар қалай жазаланады?
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Биыл кәсіпкерлер мен заңды тұлға басшылары қатысады. Бұл шара жасырын кірістерді және тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған.
Өйткені көптеген кәсіпкер тауар сатқаны, жұмыс істегені, басқа да қызметтері үшін төлемді кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарына мобильді аударымдар арқылы алады. Егер кәсіпкер бұл талапты орындамаса, яғни, 3 ай қатарынан 100 немесе одан да көп тұлғадан тұрақты түрде ақша алып, бірақ салық есебін өткізбесе, салық басқармасы хабарлама жолдайды. Мұнан кейін әлгі тұлға салық талабына сәйкес белгілі бір сома көлемінде салық төлеуге тиіс. Нәтижесінде кәсіпкерлікпен заң жүзінде тіркелмей айналысатын тұлға түсініктеме береді. Бұл жерде мамандар бірден айыппұл арқалатпай, әуелі тек ескертумен шектеледі. Ал ережені қайта бұзғандар 15 АЕК (58 980 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
Айта кетейік, 2025 жылы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК – 3 932 теңгеболды.
P.S. Қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысуда мемлекет қолдауын пайдаланып, кәсібімді кеңейтемін дегендерге жол ашық. Дегенмен, қолдау мен мүмкіндік пайдасын көрсе де, салық төлеуден жалтарып, көлеңкелі кәсіпті саялап жүргендер де жетерлік. Заңға бағынып, өтеуі мол еңбектің нанын адал жеуді ұмытпайық. Халыққа қызмет ету барысын салық төлеуді естен шығармайық.
Нұрай ӘМІРХАНОВА
Сурет: Нұрболат НҰРЖУБАЙ