«WorldSkills Kazakhstan – 2025» чемпионатының іріктеу кезеңі басталды
Мемлекет басшысы 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мен білікті мамандар даярлауға ерекше назар аудару қажеттігін атап өткен болатын.
Осы бастаманы жүзеге асыру аясында бүгін Арал индустриалды-техникалық колледжінде «WorldSkills Kazakhstan – 2025» чемпионатының облыстық кезеңіне іріктеу туры басталып, «Жұмысшы мамандықтар жылының» ашылу салтанаты өтті.
Дәстүрлі түрде өтетін бұл байқау жастардың кәсіби дағдыларын дамытуға, таңдаған мамандығы бойынша жоғары деңгейде білім мен тәжірибе жинақтауына, сондай-ақ әлемдік еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ықпал етуді көздейді.
Іс-шараның ашылуына аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғ. Тоғысова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Н. Ембергенова, БАҚ өкілдері, жеке кәсіпкерлер, сала мамандары, колледж оқытушылары мен студенттер қатысты.
Байқау барысында Ғ. Тоғысова мен «Арал құрылыс» ЖШС құрылтайшысы О. Құлмұрзаев құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Кәсіби шеберлік конкурсында білім алушылар 6 құзыреттіліктер, оның ішінде «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Сандық бағдарламалық басқару станоктарында фрезерлік жұмыс», «Сән технологиясы», «Графикалық дизайн», «Кірпіш қалау» құзіреттіліктері арасында өзара сайысқа түсуде. Қатысушылардың жұмысын салалық мекемелерден келген кәсіби сарапшылар бағалайды.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар ұлттық байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сурет: Арал ауданы әкімдігі