Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорқордың адам өміріне зияны

Қорқордың адам өміріне зияны

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы төңірегінде көтеріліп жатқан сан алуан сұрақтардың мақсаты – адам ағзасын, өмір сүру ортасын қоршаған ортаның зиянды әсерлерінен сақтау. Бүгінгі күннің бір мәселесі көп жағдайда адам баласы қызығушылықпен бастап, кейін тәуелділікке алып келетін қорқорды пайдалану болып отыр.
Қорқор көбіне қоғамдық тамақтану орындарында: кафе, бар, мейрамханаларда тұтынушыларға ұсынылатын темекі тектес аппарат. Қорқорға қатысты зертханалық мәліметтерге сүйенсек, қор-қор түтікшесінен алынған гигиеналық сүртінділерден ішек және көкіріңді таяқшалар, алтын түстес стафилакокк, ашытқы және грибок қоздырғыштары анықталғаны дәлелденген.
Қорқорды пайдалану дәстүрлі түрде топтық процесс болғандықтан, бірнеше пайдаланушылардың қорқор түтікшесін ортақ пайдалануы кез келген ауыр жұқпалы ауруларды: гепатит, герпес, туберкулез және т.б. жұқтыру қаупін арттырады.
Қорқор темекі шегуден қарағанда ұзақтау процесс, сондықтан темекі шегу кезінде дем алатын көлемнен айтарлықтай асатын түтіннің көлемі жұтылады. Қорқор пайдаланушылармен бірге болу жанында отырған адамдарға да зиянды. Өйткені канцерогенді заттар ғана емес, сонымен қатар кальянның жанғыш заты болып табылатын көмірдің жану өнімдері де денсаулыққа кері әсер етеді.
Темекі сияқты қорқор  түтінінде де көп мөлшерде көміртегі тотығы, ауыр металл тұздары, бериллий, хром, кобальт, котонин, никель және қатерлі ісік тудыратын химиялық қосылыстар бар екендігі,  су сүзгісінен өткеннен кейін де қорқор  түтініндегі бұл заттардың мөлшері темекі түтінінен бірнеше есе жоғары болатындығы ғылыми түрде анықталған.   
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 110-бабына сәйкес, келесі орындарда: білім беру ұйымдарының үй-жайлары мен аумағында, денсаулық сақтау ұйымдарының үй-жайларында; қоғамдық тамақтану пункттерінде;мәдениет объектілерінде, көпшіліктің демалуына арналған басқа да құрылысжайларда;түнгі клубтарда, дискотекаларда; мемлекеттік органдар мен ұйымдарда;үйлердің кіреберістерінде; автожанармай құю станцияларының үй-жайлары мен аумағында; балалар алаңдарында; жерасты өткелдерде; автомобиль көлік құралында кәмелетке толмаған адамдар болған кезде қорқор тұтынуға тыйым салынды.
Қорқор қатерлі ісікке соқтыруы мүмкін. Қорқыныштысы сол, қорқорға жастар да, тіпті оқушылар да құмар. Олар ондағы хош иісті жеміс-жидек қоспаларына қызығады. Шынында, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәл осы қоспалар жоғары температурада химиялық реакция жасап, адам денесінде инсулинді арттырады, диабетке соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ өкпе тінін зақымдайтын канцерогендер мен ұшпа альдегидтердің түзілуіне қатысады.
Дәрігерлер қорқордың бір порциясын шегілген бір қорап темекіге теңестірген. Түтінмен бірге қорқор тартушының өкпесіне никотинмен қатар бензапирен өкпе обырын туындататын және ДНК мутациясына төзімді, тұқым қуалаушылықпен берілуге икемді канцероген сияқты қауіпті заттар да сіңірілетін зиянды әсерлері туралы мағлұмат бере отырып, салауатты өмір салтын  сақтауға шақырамыз.
А. Сатекеева,
Арал аудуандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Сурет: Нұрболат Нұржаубай
05 ақпан 2025 ж. 146 0