Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қорқор» тартып қор болар...

«Қорқор» тартып қор болар...

Бүгінде кей мейрамханаларға кіре қалсақ, жүректі алатын иіс шығарып түтіндеп отырған адамдарды көзіміз шалады. Қазіргі сөзбен түсіндіргенде «понт» етіп, денсаулығына келер қауіпті ойына да алмай отырады. Жастар арасында сәнге айналған бұл дүние «қорқор» деп аталады.
Жалпы қоғамда қорқордың негізгі отаны – Шығыс елдері деп біледі. Себебі атаулы бұл дүние алғаш Үндістанда пайда болып, араға көп уақыт салмай-ақ бүкіл шығыс елдеріне тарап кеткен екен. Ал Еуропада қорқор шамамен ХІХ ғасырларда пайда болған. Сонымен бірге әр елде қорқордың атауы әртүрлі болып келеді. Мәселен, орысша «кальян» болса, араб тілінде «шиша» немесе «наргиле», «аргиле» деп атайды. «Наргиле» көбінесе Түркия, Грекия, Әзірбайжан, Ирак, Ливан, Сирия және Израильде кездеседі. Парсы тілінен тараған «наргиле» сөзі кокос деген мағынаны береді. Албания, Босния және Грекияда қорқор «лула» немесе «лулава» деп аталады, ал румын тілінде бұл «түтік» деген мағынаны білдіреді екен. Ал біздің қазақ ше? Бұл дүниемен қашаннан бері таныс болды? Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романында мынадай сөйлем кездеседі: «…Бұл қалада бәрі де әдеттегідей, анау бөдене соғыстырған топ та, әне, анау қорқор тартып, геджак тыңдап отырған мырзалар да… Бәрі де күндегі салтында». Дегенмен мал бағып, сүт пен қымыз ішкен ертедегі қазақ халқы үшін бұл жат әдет болды. Кейін келе тәуелсіздігімізді алып, байтақ даласын кеңінен ашқан қазақты сырт елдер әуес еткені анық. Еліктеуші халық екеніміз өтірік емес. Қорқорды кәсіпке айналдыру мақсатында ұрпақ денсаулығын кейінгі орынға қойғаны рас дүние.
–Бүгінгі жастар арасында сәнге айналған қорқордың зиянды дүние екендігі баршамызға белгілі. Аудан көлемінде де Арал аудандық полиция бөлімі және жастар ресурстық орталығы қызметкерлері біріге кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында түнгі уақытта ойын-сауық орталықтарына рейдтік іс-шаралар жүйелі жүргізіп тұрамыз. Алдын алу бойынша да қала, ауылдық округ және кент жастарымен арнайы кездесулер өткізіп, еркін форматта ұсыныс-пікірлер тыңдалып жүр. Сонымен бірге ащы сусын мен темекі, қорқордың зиянды тұстары кеңінен айтылып, ескерту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мектеп оқушылары арасында кеңінен таралған электронды темекінің де алдын алу шаралары жүргізіліп, жұмыстар жасалуда,–дейді Арал аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Е.Сабырбай.
Адам денсаулығына қорқордың айтарлықтай қауіп төндіретіні белгілі. Қорқор салынған табақтың кез келген түрін алып қарасақ, олардың барлығында жүйкені улайтын никотин болады. Никотин адам ағзасын толықтай қамтамасыз ету үшін 20 минуттың өзі жеткілікті екен. Сондай-ақ бір сағат қорқор тартқан адам бір рет темекі тартқан кезгіден 100-200 есе артық түтін жұтады. Сонымен бірге қорқордың құрамында никотиннен басқа, адамның геніне кері әсер ететін бензопирен деген улы зат бар. Бензопирен – адам ағзасында қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал етеді. Жалпы қорқордың иісі темекіге қарағанда жұмсақ және жағымды болады. Міне, осы арқылы шылым шекпейтін адамды қызықтырып әкете алады. Мұндағы жағымды иістің де адам ағзасына айтарлықтай зияны бар. Бұл иіс әртүрлі шөптерден әзірленеді. Ал сол қоспаның құрамында есірткі әсерін беретін шөптесін өсімдіктермен қатар түрлі синтетикалық заттар болады. Сонымен бірге қорқор шегетін адам ащы сусынға да әуес келетіндігі анықталған. Екі бірдей зиянды дүниені тұтынатын ағзаның қандай болып жатқанын өзіңіз ойлана беріңіз.
Қорқорды тұтынатын адам гигиена сақтамайды. Себебі бір табақ қорқорды бірнеше адам болып пайдаланады. Яғни қорқордың мундштук деп аталатын сору түтігі сілекей арқылы гепатит, герпес, туберкулез сияқты сырқаттардың жұғуына алып келеді екен. Сонымен қатар қорқорды пайдаланған адамнан гөрі оның жанында отырған адамға тиер зияны да баршылық.
–Бірде түскі ас уақытында жұмыстан қайтып келе жатып бір топ баланың әңгімесін құлағым шалып қалды. Олар осы қорқор секілді электронды темекіні қай дүкеннен және қаншаға алғандарын айтып келе жатыр екен. Олардың бірі бір дүкеннен арзанға алғанын айтып мақтанса, бірі сол атаулы темекіні қымбатқа алып қалғандарын айтып күйінеді. Түрлеріне қарасам шамамен 7-8 оқитын оқушы балалар екен. Іштей ызаланғаныммен, қазіргі балалар өзгенің ақылын құлағына да аспайтыны белгілі. Қай ата-ана болмасын баласын жаман болсын демейді ғой. Сонда бұл оқушы балалар ата-анасынан жасырып пайдаланып жүргендері анық. Ал кішкентай балаларға электронды темекіні сатқан дүкен иесі немесе сатушы ше? Заң тұрғысында дұрыс әрекет емес екендігін біле тұра, «кәсібім айналса болды» деп тұрған азаматтарға неге тексеріс жұмыстары жүргізілмейді? Шағын аудан, тіпті кішкентай бір мектептің оқушылары осындай әрекетке барып жүргенде, қаладағы тіршілік айтпаса да белгілі. Жалпы электронды темекі деген осы қорқордың бір түрі екендігін білемін. Бала денсаулығына темекіден екі есе зиянын да тигізіп жатқаны анық. Осы тұста дүкен сөрелері қатаң бақылауға алынып, мектеп оқушаларын да тексерсе жақсы болар еді,–дейді қала тұрғыны Ү.Жаңғалиева.
Англияда 2007 жылдан бастап қоғамдық орындарда қорқор шегуге қатаң түрде тыйым салынған. Тұрғындар тәртіпке бағынбаған жағдайда 2,5 мың фунт көлемінде айыппұл төлейді. Сонымен бірге сол 2007 жылдан бастап бірқатар елде қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салынған. Ал біздің елде қорқорға деген шектеу әлі де күшейтілмей тұрғаны жасырын емес.
А. НҰРЛАНОВА
13 маусым 2023 ж. 304 0