Алаяқтар атыңызға несие ресімдесе, не істеуіңіз керек?

Кейінгі жылдары елімізде азаматтардың жеке дерегін пайдаланып, олардың атына заңсыз несие ресімдеуі жиілеп кетті. Мұндай жағдайға тап болғанда не істеу керек? Осы сұраққа Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төмендегідей жауап береді.
Атыңызға несие ресімделгенін қалай біле аласыз?
Кредиттік тарихыңызды жүйелі түрде тексеріңіз. Елімізде әрбір азамат жылына бір рет кредиттік тарихын тегін сұрата алады. Мұны бірнеше жолмен жасауға болады:
eGov.kz порталы арқылы. Порталда авторизациядан өтіп, «Жеке кредиттік есепті алу» қызметін табыңыз. Өтінішті толтырып, оны электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен растаңыз.
Бірінші кредиттік бюро арқылы. 1cb.kz сайтына кіріңіз немесе 1CB.kz мобильді қосымшасын пайдаланыңыз. ЭЦҚ арқылы өтінім беріп, кредиттік тарихыңызды тексеріңіз.
ХҚКО-ға жүгіну. Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барып, кредиттік тарихыңызды тексеруге болады.
Кредиттік тарихыңызды айына кемінде бір рет тексеріп отырған жөн.
Қайда жүгінген жөн?
Несие ресімделген банкке немесе қаржы ұйымына жүгініңіз. Несиенің қай банктен немесе микроқаржы ұйымынан алынғанын анықтаңыз. Сол ұйымға жазбаша арыз беріп, бұл несиені сіз алмағаныңызды жеткізіңіз. Несие келісімшартының көшірмесін және несие ресімдеу кезінде пайдаланылған құжаттарды талап етіңіз. Егер жеке куәлігіңізді жоғалтқан болсаңыз немесе ұрлатып алсаңыз, бұл туралы анықтаманы банкке ұсыныңыз.
Полицияға арыз жазыңыз. Ішкі істер органдарына барып, алаяқтық фактісі бойынша өтініш беріңіз. Барлық жиналған құжатты (банк жауаптары, кредиттік есеп, жеке куәлік көшірмесі, т.б.) қоса тіркеңіз. Өтінішіңіздің тіркелгенін растайтын талон алыңыз.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымданыңыз. Егер банк несие ресімдеу дерегін беруден бас тартса немесе жағдайды шешпесе, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым жазыңыз. Агенттік қаржы ұйымдарының заңсыз әрекетін тексеруге құқылы.
Сотқа жүгініңіз. Егер банк несиені есептен шығарудан бас тартса, сотқа арыз беріп, келісімді жарамсыз деп тану туралы талап қоя аласыз. Сот шешімі шыққаннан кейін несие бюросына несие туралы жалған ақпаратты алып тастау жөнінде өтініш жіберіңіз.
Егер сіздің атыңызға алаяқтар несие ресімдесе, дер кезінде әрекет ету маңызды. Банкке, полицияға және қаржы реттеуші органдарға жүгініп, құқыңызды қорғаңыз. Ертерек қамдансаңыз, мәселені оңтайлы шешуге болады.
Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: Нұрболат Нұржаубай