Кіші Арал: Келіссөздер һәм су көлемі

ҚР Су ресурстары және ирригация минстрлігі келтірген дерекке қарағанда, 2024 жылдың қазан айынан 2025 жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 миллиард текше метр су түскен. Бұл жоспардан 100 миллион текше метрге артық. Орталық Азия елдерімен жасалған келісімдер бойынша биыл наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға жіберілетін судың көлемі 1,6 млрд текше метрге барады деп күтілуде.
Бүгінде Солтүстік Арал теңізіндегі судың көлемі – 22,1 млрд текше метр. 2022 жылдың басында 18,9 млрд текше метр болған. 2025 жылдың соңына қарай 23,4 млрд текше метрге жетпек.
Мамандардың есебінше, Солтүстік Арал теңізінің ауданы да ұлғая түсуде. Бүгінгі таңда ол 3065 шаршы шақырымға жетіп, 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға көбейген. Демек, теңіз ауданының өсімі судың минералдануын азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Өңірде күріш алқаптарын лазерлік тегістеу әдісі мен су үнемдеу технологияларын пайдалану шамамен 200 млн текше метр су үнемдеп, оны Солтүстік Аралға жіберуге жол ашып отыр. Сондай-ақ, осы танаптарды тегістеудің арқасында дақылдан түсетін өнімділік өскен. Су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру үшін шаруашылықтардың инфрақұрылым жүргізу, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.
Арал теңізі бассейніндегі аймақты оңалту мақсатында көгалдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде Үлкен Арал теңізінің тартылған аумағында 4,4 млн көшет отырғызылды. Оның 2021-2024 жылдар аралығындағы аумағы 475 мың гектарға жетті. Биыл 428 мың гектарға көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осының нәтижесінде 2025 жылдың соңына қарай Арал теңізі табанын көгалдандырудың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетуі тиіс.
Айта кету керек, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастапа Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін ХАҚҚ Президенті болып сайланды. Қазақстанның 2024-2026 жылдар аралығындағы төрағалығы кезеңінде ХАҚҚ Атқару комитетінің жұмыс жоспары бекітілді. Құжат 10 түрлі бағыт бойынша 40-қа жуық іс-шараны қамтиды.
Президенттің тапсырмаларын іске асыру екі мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Солтүстік Арал теңізінің су көлемі мен ауданының ұлғаюы, әрине, судың сапасын жақсартып, оның биологиялық әралуандығын сақтауға көмектеседі. Бұл сондай-ақ, облыста балық шаруашылығын дамытуға ықпал етеді. Су үнемдеу технологияларын енгізу және инфрақұрылымдарды дамыту Солтүстік Аралға қосымша су көлемін жіберуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі сайып келгенде өңірдің экологиялық ахуалын оңалтып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік сыйламақ.
“Толқын” ақпарат