Жүйке жүйесінің ауруларын МӘМС аясында ЭНМГ анықтайды

Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінің тұрғыны Қаныгүл Керім құлағаннан кейін омыртқасын жарақаттады. Сондай-ақ, 65 жастағы науқаста омыртқада грыжа бар, аяғы ауырады. Диагнозды нақтылау үшін Қаныгүл апа облыстық орталыққа ЭНМГ-ға тексеруге жіберілді.
«Диспансерлік есепте тұрмын. Омыртқам мен аяғым аурады, сондықтан қозғалу өте қиын. Аудандық емхана мені ЭНМГ-ға жіберді. Облыстық диагностикалық орталықта өз кезегімді күткен жоқпын. Диагнозды нақтылау үшін ЭНМГ-дан тегін өту мүмкіндігі үшін алғыс айтамын», - дейді Қаныгүл Керім.
Электронейромиография – перефериялық жүйке жүйесі мен бұлшықеттердің функционалдық жағдайын зерттеу әдісі. Тексеру кезінде төмен қарқынды электр импульстары беріледі және жауаптар жазылады. Егер аяқ-қолдарда ауырсыну, жансыздану немесе әлсіздік сезімі болса — ЭНМГ себептерін анықтауға көмектесуі мүмкін.
«ЭНМГ көмегімен ауырсынудың себептерін ерте кезеңде анықтауға және нақты табуға болады. Бұл пациентті бірқатар асқынулардан құтқарады. Мысалы, қант диабетіндегі перифериялық нервтердің зақымдануы, плексопатия, радикулит, протрузия және т.б. Әрине, МӘМС аясында ЭНМГ тексеруі жеңілдікті санаттағы әлеуметтік осал азаматтарға үлкен көмек»,- деп атап өтті «ALEXEY SULTAN-AKHMET» ЖШС емханасының невропатолог дәрігері Наурызбек Қасымбеков.
Емханада ай сайын 50-ге жуық пациент ЭНМГ зерттеуден өтеді. Медициналық қызметтің құны – 7 мың теңге. МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар үшін тегін.