Оқушыларға теміржолдағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Бүгін «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Арал теңізі станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің және аудандық полиция бөлімі мен теміржол қызметкерлері бірлесіп, №13 қазақ орта мектебінің оқушыларына теміржол бойында қауіпсіздік сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Балаларға теміржолда жүріп-тұру ережелері мен теміржол бойымен жүруге қатаң тыйым салынатыны, сондай-ақ рельстерден өту кезінде жақын маңда пойыздың жоқтығына көз жеткізу қажеттігі ескертілді. Теміржолдан өту кезінде құлаққап пен ұялы телефонды пайдаланудың аса қауіпті екені де түсіндірілді.
Түсіндіру жұмыстары барысында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқықбұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Жолаушылар пойыздарына тас лақтыру, терезе сындыру, теміржолға бөгде заттар қою әрекеттері әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні ескертілді.

