Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мәселесі талқыланды

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мәселесі талқыланды

Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес Акционерлік қоғамы алаңында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Кеңес мүшелері алдымен орталықта халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің қол жетімділігі мен тиімділігіне  мониторинг жасап, жұмысымен танысты. Мұнан соң бас қосып, орталықтағы мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бағытында атқарылған жұмыстарды талқылады. Кеңес құрамына өзгеріс енгізіп, Кеңес төрағасының орынбасарын сайлады.
Азаматтарға арналған үкімет – мемлекеттiк қызмет көрсету саласында қызметтердi «бiр терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыратын Қазақстан Республикасындағы бiрегей ұйым. Бұл жерде ең бастысы мемлекет қызметінің халыққа қол жетімділігі ғана емес, оның тиімді және ашық болуы маңызды. Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес Акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры Аида Әбибуллаева хабарлама жасап, халыққа жасалып жатқан жағдайлар мен сыбайластықтың алдын алуда атқарылған жұмыстарды баяндады.
Корпорация барлық мемлекеттік қызметтерді ҚР Үкіметінің қаулыларымен бекітілген қағидаларға сәйкес көрсетеді. Қағидаларда қызмет көрсету тәртібі, орындалу мерзімі, алым сомасы, күту уақыты мен қабылдау уақыттары, қажетті құжаттар тізбесі және т.б. талаптар белгіленген. 9 бағыт бойынша 1300-ге жуық мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Сыбайлас жемқорлықтық алдын алу мақсатында 11 бағыт бойынша жұмыс жасалуда. Соның бірі өткен жылдың қыркүйек айында іске қосылған «Жасыл дәліз» жобасы. Өткен жылы жоба аясында 451 қызмет көрсетілген.
«Бұл жоба сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын-алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарға көрсетілетін қызметтер сервисін жетілдіруге ықпал етіп отыр»,- деді Аида Әбибуллаева.«Өздеріңіз білесіздер әрбір қызметтің заңды бекітілген мерзімі бар. Мәселен, бір азамат жылжымайтын мүлікті тіркеу, техникалық паспорт сызу секілді т,б қызметтерді заңды  белгіленген мерзімнен жылдам алу үшін орталық қызметкерлеріне ақша ұсынып, сыбайластық әрекеттеріне әкелуі мүмкін.  Осындай фактілердің алдын алу үшін осы жоба арқылы біз оңай, әрі жылдам мүмкіндікті ұйымдастырып отырмыз. Яғни, жылжымайтын мүлікті тіркеу 3 жұмыс күні орындалуға тиіс болса, оны 2 сағатта жүргізуге, Техникалық паспорт сызу 3 және 7 жұмыс күнінде орындалу керек болса, 7-12 сағат аралығында, Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру 4 жұмысы күні болса, оны 5 сағатта орындау секілді жұмыстарды жүзеге асырып отырмыз. Пилоттық жобамыз қазір өз нәтижесін беруде дейді ол. 
Кеңестің көшпелі отырысына арнайы қатысқан облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмахановтар халыққа көрсетілетін қызмет пен сыбайластықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар бойынша өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты.
«Бұл орталық халықтың күнделікті және түрлі сұрақтары бойынша келетін орны. Халық мекеме жағалап жүрмей мемлекеттік қызметті ең бірінші кезекте осы жерден алады. Орталық органдармен тікелей байланыс орнатып, сұраныстарын да шұғыл алуға мүмкіндігі бар. Жаңа мекеменің халыққа көрсететін қызметінің бірқатарымен таныстық. Баяндама барысында да көп ақпарат алынды. Қазір технологияның озық үлгілері қолданыста. Сондықтан бұл салада жемқорлық немесе сыбайластық фактілері болмауы қажет және орын алмайды деген ойдамыз»,- деді өз сөзінде Алмасбек Есмаханов.
Жиын барысында сонымен қатар Кеңес құрамынан басқа қалаға қызмет ауыстыруына байланысты Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнінде уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі қызметін атқарған Шәріпбаев Дәурен Сақтапбергенұлы шығарылып, орнына осы қызметке келген Байхожаев Берікбол Ұзақұлы сайланды.
Атап өтейік, кеңестің көшпелі отырысына облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдары басшылары мен өкілдері де қатысты.

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: Аманат партиясы
27 ақпан 2025 ж. 59 0