Спортты серік еткен сұлу

Алайда мектеп бағдарламасындағы пәндердің арасында дене тәрбиесінен дәріс беретін әйелдер жоқтың қасы. Бәлкім қазақ халқында қыз баланы нәзіктіктің белгісі санап, табиғатын өзгеше көргендіктен болар, айтылған салаға көп оқытпаған. Бірақ бүгінгі гендерлік теңдік орнаған уақытта ар адамның қай салада болса да бақ сынауға толықтай құқы бар. Ішінара болса да жолықтыратын жаны нәзік дене шынықтыру пәні мұғалімдері айтырлықтай жетістерге жетіп, шәкірттері де талай асуды асып, көптеген белесті бағындырып үлгерген. Сондай жандардың бірі бүгінгі кейіпкеріміз – Кенжегүл Байқазақова.
2001 жылы қаладағы №62 орта мектебін бітіріп, Ақтөбе қаласындағы педагогикалық колледжге оқуға түсіп, 2004 жылы бастауыш сынып мұғалімі бойынша біліп алып шығады. 2012-2015 жылдары М.Маметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғарғы колледжiнен "дене шынықтыру жане спорт" мамандығын алып, 2016-2019 жылдары Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетінде білімін жоғарылатқан ол Арал индустриалды техникалык колледжінде 2016 жылдан бастап дене шынықтыру пәні оқытушысы болып қызмет жасап келеді. Кенжегүл Шындалықызы:
– Балаға білім беру – басты міндетіміз. Мемлекет басшысы "Дене шынықтыру – денсаулық кепілі. Тағы да айтамын, бұқаралық спортпен, балалар спортымен шұғылдану үшін барлық жағдай жасау қажет. Спорт инфрақұрылымын кезең-кезеңімен салуды қамтамасыз етуі қажет.Дені сау ұлтты, дені сау ұрпақты тәрбиелеу керек. Болашақта облысымыздың, еліміздің атын әлемге әйгілі ететіндер де дәл осы жастар" деп атап айтқанындай біз сол жолда тынымсыз еңбек етуіміз қажет, тәрбиелеуіміз керек. Қазірде осы жолда колледж жастарына салауатты өмір салтын ұстануды үйретіп, спортқа бейімдеп келемін. Еткен еңбек нәтижесімен де қуантып жатыр, – дейді.
Расында ұстаздың еңбегі елеусіз қалып көрмеді. Талай республикалық, облыстық, аудандық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, бірнеше мәрте үздік ойыншы атанған Кенжегүлдің шәкірттері де жеңіс тұғырынан көріне білген.
Қазірде 5 бала тәрбиелеп отырған ол қызметпен қатар аналық, жұбайлық парызын да мүлтіксіз атқарып келе жатқан жан. Жаны нәзік, ұстанымы ұлағат болған кейіпкерімізден әлі талай табасты еңбек күтеміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ