Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гендерлік саясат

Гендерлік саясат

 Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Қазақстан әлемдік стандартқа сәйкес гендерлік теңдік принциптеріне назарын аудара бастады.Қазақстан Республикасының гендерлік саясатының негізі болатын 1995 жылғы Ата Заңымыздың 14-бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтыны айтылған. Сонымен қатар, Ата Заң Қазақстан Республикасының құқықтық, саяси, әкімшіліктік  және жалпы мемлекеттік жүйені құрудың негізгі принциптері мен критерийлерін белгіледі.
  Мемлекеттік гендерлік саясат базалық гендерлік заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің 29 қараша 2005 жылғы Жарлығымен бекітілген 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясына сәйкес жүзеге асырылады. Гендерлік теңдік ер мен әйелдің қоғамның әлеуметтік, саяси және экономикалық өміріне араласуына тең мүмкіндіктерге, ресурстар мен сыйақыға ие екендігін білдіреді.
   Біздің ел гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытында айтарлықтай қадамдар жасады, Қазіргі уақытта Қазақстан адам құқықтары бойынша, соның ішінде жыныстар арасында тең құқылықты қамтамасыз етуге және әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған 20-дан астам әртүрлі шарттар мен конвенциялардың қатысушысы. Қазақстанда Үкімет қаулысымен республикадағы әйелдердің жағдайын жақсарту бойынша іс-шаралардың ұлттық жоспарын жасап, бекітті.
Қазақстанда гендерлік саясатты жүргізу жұмысын 1998 жылы құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді.
  Қазақстанда гендерлік саясатты ұстанатын, қолдайтын басты заңнамалық құжаттардың негізі қаланған. Еліміздегі 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы гендерлік саясаттың алдағы жылдарда әрі қарай дамуына ықпал ететін басты құжат болып табылмақ. Дегенмен, біздің ойымызша, гендерлік теңдікке толықтай қол жеткізу үшін заңнамалық құжаттардың күші жеткіліксіз, өйткені бұған негізінен халықтың менталитеті мен дәстүрлі түсініктері де ықпал ететіні сөзсіз.
    Соған қарамастан, елімізде әйелдер қауымының гендерлік теңдікке біршама қол жеткізгендігін көруімізге болады. Қазіргі заманғы әйел тек ошақ басында қалып қоймай, кез-келген салада ерлермен қатар көптеген міндеттерді қатар алып жүруде. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, бүгінгі күні әйелдер қоғамымыздың барлық салаларында да, белсенділік танытуда. Олар қандай қызмет атқарса да, аналық құқығын гүлдендіре отырып, үлкен жауапкершілік пен сенімділіктің, жоғарғы кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, уақыт көшінен қалмай, болашаққа деген сенімнің зор ұйытқысы болуда.
М.Жиенбаев,
Арал аудандық сотының жетекші маманы 



11 наурыз 2020 ж. 700 0