Аудан әкімі Амал мерекесімен құттықтады
Сіздерді халқымыз үшін қастерлі мереке Көрісу күнімен құттықтаймын!
Бүгін біз халқымыз үшін қадір-қасиеті жоғалмаған Наурыз мерекесінің бастау алар сәтіне де жетіп, жаңа жылдың, жаңа күннің басталуына куә болып отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ықылым заманнан бері бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді!» деп ерекше қуанышпен қарсы алған. Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі» деп атап өтті.
Көрісу – ұлттық болмысымыздың, дархан пейіліміздің айқын көрінісі. Бұл күні адамдар бір-бірімен амандасып, қауышып, жаңа жылға аман-есен жеткеніне қуанып, ақжарма тілектерін арнайтын ерекше дәстүр.
Құрметті жерлестер!
Жалпыхалықтық сипат алған дәстүрлі мерекеде әр шаңыраққа амандық, елімізге береке-бірлік тілеймін! Сіздерге зор денсаулық, мызғымас бірлік, баянды бақыт тілеймін!
Жыл жақсылығымен, ырыс-несібесімен, жеміс-жеңісімен, береке-бірлігімен, тоқшылық, аманшылығымен келсін!
Жыл басы, Амал мерекесі құтты болсын ағайын!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі А. ОҢҒАРБАЕВ