Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі С.Сермағамбетов аудан тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады

Аудан әкімі С.Сермағамбетов аудан тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады

Құрметті жерлестер!
Қадірлі аралдықтар!
Тіршілік атаулыға жан бітіп, Жер-Ана жаңаратын, күн мен түн теңеліп, Самарқанның көк тасы еритін елеулі шақта тұрмыз. Сіздерді осы бір мерейлі сәтпен тұспа-тұс келетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Бес мыңжылдық тарихы бар әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, болаттай берік бірліктің, ырыс пен ынтымақтың бастауы болып саналған. Бұл күні қыстан аман шықтық деп қуанған жұрт ағайын арасында болған өкпе-ренішті ұмытып, бір дастарқан басында табысып, бір-біріне ізгі тілектерін білдіреді. Жаңа жылға жақсылықпен жеткеніне шүкіршілік етіп, келер жылдан кемелдік тілеп, ақ пейілдерін арнайды. Халқымыз бұл кезеңді береке-бірлік, ырыс-құт мезгілі санаса, мерекені кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен өзара түсіністіктің мезеті деп бағалаған. Соңғы 2-3 жылдықта еліміздегі пандемия жағдайына байланысты бұл мерекені үлкен ауқымда атап өту мүмкіндігі болмады. Себебі әрбіріміздің саулығымыз сақтықта екенін ұдайы естен шығармадық. Биыл бақытымызға орай мерекені дәстүр бойынша үлкен ауқымда өткізу мүмкіндігіне ие болдық. Мұның барлығы сіз бен біздің тас-түйін бірлігіміздің арқасында мүмкін болып отыр.
Құрметті ағайын!
Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтай түсетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы елімізге, әрбір отбасына ауызбіршілік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі Серік Сермағамбетов
22 наурыз 2022 ж. 792 0