Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Наурыз мейрамымен құттықтады

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Наурыз мейрамымен құттықтады

Ардақты ағайын, қадірлі жерлестер!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Бұл күні тіршілік оянып, күн мен түн теңеліп, табиғат-ана жасарып, жаңарып, ерен еңбектің думаны басталады. Адамзат баласы сағынышпен қауышып, өкпе-реніштерді ұмытып, бір-біріне жылы лебізін білдіріп, өсіп-өнуін тілейді.
Игі дәстүр бойынша біз де жаңа жылдан жақсылықтар мен жаңа жетістіктер күтеміз. Ұлыстың ұлы күні біз үшін қашан да ата-бабаларымыздың ұлағаты мен даңқын дәріптеген дәстүр ретінде қымбат. Жер бетінің қайта түлеп, табиғаттың арайлы шуағын шаша келетін шағы – адам баласына ерекше серпіліс беріп, рухани тазаруына ықпал етеді.
Ұлыстың ұлы күні – тәуелсіз қазақ елі үшін де жаңа жылдың символы, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Биыл мемлекетіміз үшін айрықша кезең – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Бұл – біз үшін асқан мерейлі, ұлық мереке.
Сондай-ақ 2021 жыл – аудан халқы үшін айтулы жыл. Ерліктің үлгісін көрсетіп, көмек қолын созып, аштыққа ұшыраған Поволжье тұрғындарына 14 вагон балық жөнелткен бабаларымыздың қайырымды ісіне 100 жыл толып отыр.
Өткен жылдан бері әлемді шарпыған коронавирус індетінің қаупі әлі сейілген жоқ. Сол себепті Наурыз мейрамын отбасында жақын туыстармен бірге санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізуіміз маңызды болмақ.
Қадірлі ағайын! Адамгершілік пен татулықты паш ететін Әз-Наурыздың қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтудағы рөлі орасан зор. Еліміздің мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесі әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық нұрын себе келсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Ізгі ниетпен,
Арал ауданының әкімі Мұхтар Әуесұлы Оразбаев
21 наурыз 2021 ж. 1 773 0