Амал мерекесі Аралда айрықша аталып өтілуде

14 наурыз «Көрісу күні» – қазақ халқының ұлттық дәстүрлерінің бірі, әсіресе Батыс аймақтарда кеңінен тойланатын мейрам. Бұл күні адамдар бір-бірімен амандасып, көрісіп, жаңа жылға аман-есен жеткеніне қуанып, ақжарма тілектерін арнайды.
Көпшіліктің мейманасын тасытып, көңілін шалқытқан шуақты күннің басты шарасы бүгін қаланың орталығында шымылдық түрді. Мереке «Жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу» атты «Көрісу күні – Амал мерекесі» күніне арналған қойылым – концертпен басталды. Алдымен қаланың басты көшесімен жүріп, халқымыздың көшпелі мәдениетін кеңінен дәріптеген керуен орталық алаңға ойсып, жұртшылықпен көрісті.
Орталықтың сәнін келтірген ақшаңқан үйлерде түрлі тақырыпқа сай, қазақы дәстүрге негізделген шаралар өтті. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев бастаған ауданның ардагерлері және зиялы қауым өкілдері әр киіз үйге бас сұғып, ел-жұртты мерекемен құттықтады.
Қаз-қатар тігілген үйлерде бір мезетте «Наурыз-құт, береке бастауы» атты кең көлемді кітап көрмесінің таныстырылымы, Ет, сүт және нан өнімдерінің көрмесі, Жыраулар шоғырының «Көш керуені», «Құт болып кел еліме – Әз Наурызым!» атты театрландырылған қойылым концерт, Ұлттық спорт түрі тоғызқұмалақ ойынынан сайыс, «Жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу», «Береке мен бірліктің бастауы» атты қойылым, халқымыздың ежелгі тұрмыс салтынан сыр шертетін мұражай таныстырылымы, «Құлақ тесу» дәстүрінің қойылымы және 14 наурыз – Көрісу күніне арналған «Көрісу - көңілдің кілті» атты қойылымдар өтті.
Сан-алуан тақырыпқа негізделіп, игі дәстүрге айрықша сән беретін шараларды аудандағы түрлі мәденниет мекемелері мен дербес бөлімдер өткізеді.
Айта кетейік, еліміздің тұрмыс-салты, әдеп-дәстүрімен ұштасатын айтулы мереке бүгінгі өткен іс-шаралармен қоса алғанда Наурызнама онкүндігіне сай алдағы он күн бойы аталып өтілетін болады.








Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі