Баланы имандылыққа кім баулиды?

Жастар да бар. Бірақ сол жастар егде адамдардан да мосқал көрінеді. Қауға сақалды. Ал төртінші, бесінші сынып оқушылары шамасындағы жеткіншектер тіптен көп. Төрт дастарқан толы. Мұндай көрініске көз үйренбегендіктен алғашқыда таңырқай қарағанбыз. Мән-жайды сұрау ыңғайсыз көрінген. Қапелімде көрші отырған, жергілікті жұрттың жайын жақсы білетін ақсақал құтқарды.
– Осы балалар мешітке үйір. Тіпті жұма намазына сабақтан сұранып шығады екен, – дейді ақсақал, – менің де осылар шамалас немерем бар. Әне біреуі немереммен бірге оқиды. Осы бала немеремді «мешітке келсейші» деп шақыратын көрінеді. Солай сабақтасып, қарасы көбейе түседі де. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, осы балаларға қазір білім алған дұрыс емес пе? ІТ-технологияны меңгеріп, әлемнің дамыған еліндегі алғыр жастар сияқты мықты мамандық меңгерсе ше? Қоғам өсіп, жетіліп, көсегеміз көгермей ме? Ал жастардың жүрегінде иманы болса, ешкімнің ала жібін аттамаса, адал жүріп-тұрса болды емес пе?
Ақсақалдың әңгімесі мамыражай отырған ағайын арасына қозғау салды. Бірінен соң бірі осы тақырыпты қаузап, пікірлерін білдіріп жатыр.
– Бұларды қойшы, – деді тағы бір ақсақал, – анау отырған тепсе темір үзетін жас жігіттер уақытының көбін осы мешіттің ішінде өткізеді. Әрине, жаратқанға құлшылық етпе, намаз оқыма демейміз, ол әркімнің өз шаруасы, бірақ бесігімізді түзеу үшін әркім тырбанып еңбек етулері керек емес пе?
Дәм қайырардың алдында бастапқы лепес қайта тұтанған.
– Таяуда әлеуметтік желіден тыңдадым, оқушы балаларға ораза ұстауға бола ма деген тақырыпты таратып айтып жатыр екен. Білім саласы басшыларының айтуларына қарағанда, денсаулығына кінәрат келмесе, қарсылық жоқ екен. Дені сау болсын делік, ал жан саулығы ше?
Көптің көкірегінде жүрген алуан түрлі күрделі ойдың көлеңкесі бізді де тұмшалай бастады. Шынында да, баланы имандылыққа кім баулиды?
Байқал БАЙӘДІЛ
egemen.kz
Фото: Нұрболат Нұржаубай