"HEN PARTY": еркіндік пен еркеліктің кеші

“Hen Party” – батыс елдерінде ұзатылатын қыздың үйлену тойынан бұрын жақын құрбыларымен ұйымдастыратын кеші. Бұл кеште болашақ қалыңдық достарымен бірге көңіл көтеріп, некеге тұру алдындағы еркін өмірімен қоштасады. Әдетте, мұндай кештер ерекше ойындар, би, ән-күй және түрлі көңілді бағдарламалармен өтеді.
Қазақ қоғамында да бұрын мұндай дәстүр болған. Ертеде тұрмысқа шығатын қыз ұзатылмас бұрын құрбыларымен оңаша бас қосқан. Тек қана құрбылар жиналатын құпия отырысты – «қызойнақ» деп атаған. Қызойнақ қыздың ата-анасынын үйінде өткізіледі. Бұл кеште бойжеткен балалық шағымен, еркелігімен қоштасқан. Құрбылар сырласып, таңға дейін әңгімелескен. Кезінде қыздарды өз еркінен тыс тұрмысқа беруіне байланысты қызойнақ қалыңдық үшін көңілсіз ететін кездері болған. Жиналған құрбыларымен бірге қайғылы өлең айтып жылаған.
Қазақ әдебиетінде Ақан Сері, Біржан Сал секілді сал-серілер қызойнаққа ұрын кіріп қатысқаны туралы айтылған. Қалыңдық пен оның құрбыларына арнап ән шырқап, көңілдерін көтерген.
Қазір той алдында қызойнақ кешін өткізу сәнге айналды. Көпшілігі оны батыс елдерінен келген дәстүр деп ойлайды. Ал шын менінде, «Нen Рarty» өткізуден біздің әжелеріміз де қалыспаған.
Кейбір дәстүршіл адамдар “Hen Party” қазақы құндылықтарға қайшы деп санайды. Өйткені, бұл кеш кейде батыстық үлгіде, түнгі клубтарда немесе алкогольді ішімдіктермен өткізілуі мүмкін. Бірақ қазіргі жастар бұл үрдісті өз дәстүрімізге сай етіп ұйымдастырып жүр.
Қазақ мәдениетінде қыз балаға ерекше құрметпен қарайды. Сондықтан қазақи “Hen Party” – болашақ қалыңдыққа ақ жол тілеу, аналық ақыл-кеңес беру, болашақ отбасылық өмірге дайындау сияқты игі мақсаттарды көздейді.
Ақерке БЕРЕКЕШОВА
фото iakhmetova.wixsite.com