Қалыңсыз қыз қадірсіз бе?

Иә, қазақ халқының сан ғасырлық тарихында қалыптасқан бар дәстүрі белгілі бір мақсатқа, әлеуметтік қажеттілікке негізделген. Әр ғұрыптың өз орны, мәні бар. Солардың бірі – осы қалыңмал. Ол туралы әртүрлі пікір қалыптасқан: біреулер оны қазақ қоғамының отбасы құндылығын сақтауға бағытталған даналығы десе, енді біреулер оны әйел затын сатып алудың бір түрі ретінде түсінеді. Ал «Қалыңсыз қыз қадірсіз» деген нақыл сөз нені білдіреді? Бұл сөз шынымен қыз баланың бағасын анықтай ма, әлде оның астарында терең мағына бар ма? Қазіргі қоғамда бұл дәстүрдің орны қандай?
Қазақ қоғамында отбасы – ең қасиетті құндылықтардың бірі. Ұлттың болашағы, елдің тұтастығы тікелей отбасы институтының беріктігімен өлшенген. Осыған байланысты ертеден-ақ некеге отыру, қыз ұзату, келін түсіру сынды салт-дәстүрлер ерекше мәнге ие болды. Қалыңмал осы үрдістің бір бөлігі ретінде қалыптасты. Қалыңмал – қыз баланың барған жерінде лайықты құрметке ие болуы үшін екі әулет арасындағы келісімнің бір көрінісі еді. Бұл дәстүрдің мәні – қызды сатып алу емес, керісінше, оның жаңа отбасына бейімделуіне жағдай жасау, оны қадірлеу, екі әулет арасындағы байланысты нығайту.
Қазақ халқы қашанда қыз баланы ерекше құрметтеген. «Қыз – жат жұрттық»,«Қыз – қонақ» деген түсінік осыған дәлел. Қыздың барған жерінде қадірлі болуы – оның ата-анасының абыройы. Сондықтан қалыңмал төлеу арқылы қыздың туған үйіндегі орны бекітіліп, оның жаңа әулеттегі жағдайы алдын ала қамтылады. Қалыңмал берілгеннен кейін қыздың жасауы дайындалатын. Бұл – қазақ отбасығы маңызды үрдіс. Себебі қыз барған жерінде өз үйінен әкелген дүниесімен жаңа өмірін бастайды. Демек, қалыңмал мен жасау бір-бірін толықтыратын құндылықтар.
«Қалыңсыз қыз қадірсіз» деген сөз осының негізінде қалыптасты. Бұл сөздің мағынасы «қалыңмалы жоқ қыз бағасыз» дегенді білдірмейді. Ол – ата-ананың қызына деген жауапкершілігін, оның болашағын алдын ала ойластыру қажеттігін меңзейтін ұғым. Кейбір жағдайларда қалыңмал төленбеген қыздар барған жерінде өз орнын таба алмай, қиындық көрген. Мұндай жағдайлардан кейін теріс ұстаным қалыптасуы мүмкін. Өйткені қазақ қоғамында сонымен қатарқыздың жасауы да маңызды рөл атқарды. Қыз ақысы беріліп, жасау дайындалған кезде, қыз барған жерінде өзіне деген құрметті сезінген. Ал егер қалыңмалсыз ұзатылса, кейбір отбасылар оны дұрыс қабылдамауы мүмкін еді.
Дегенмен, қалыңмал беру міндетті түрде қажет болды деп айтуға болмайды. Кейде қалыңмал төленбейтін жағдайлар да кездескен. Мысалы, әлеуметтік жағдайларға байланысты, немесе құдандалық қарым-қатынасты бекіту үшін, екі жақтың келісімімен қалыңмал алынбайтын кездер болған. Сонымен қатар, «бас құда» деп аталатын ерекше салт та бар. Бұл дәстүр бойынша, екі отбасы бұрыннан құдаласып, дүниеге келмеген ұл мен қызды бір-біріне атастырып қоятын. Мұндай жағдайда қалыңмал көбінесе символикалық сипатқа ие болып, болашақ екі әулеттің арасындағы қарым-қатынасты бекіту құралы ретінде қызмет атқарған.
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін көптеген дәстүрлер секілді қалыңмал да сынға алынды. Кеңестік идеология оны феодализмнің сарқыншағы деп танып, әйел құқығын шектеуші фактор ретінде қарастырды. Осылайша, ХХ ғасырда қалыңмал бірте-бірте жойылып, оның дәстүрлі мағынасы өзгерді. Алайда халықтың санасынан бұл ұғым толық өшіп кеткен жоқ. Кейбір өңірлерде қалыңмал төлеу дәстүрі әлі де сақталған. Бірақ қазіргі таңда оның мәні бұрынғыдан өзгеше. Кейбір отбасылар үшін қалыңмал – ата-ананың еңбегін бағалау, оларды құрметтеу әдісі. Ал кейбіреулер үшін бұл дәстүрдің мүлде қажеті жоқ.
Қазіргі қоғамда «қалыңсыз қыз қадірсіз» деген сөзге әркімтүрлі көзқараспен қарайды. Біреулер бұл сөзді әлі де қолдайды, өйткені қалыңмал дәстүрі қазақтың ұмытылмауы тиіс құндылықтарының бірі деп санайды. Ал енді біреулер бұл ұғымды қазіргі заман талабына сай емес деп есептейді. Шындығында, мәселе қалыңмалдың бар немесе жоқ болуында емес. Ең бастысы – қыздың қадірі тек қалыңмалмен өлшенбеуі тиіс. Ол өзінің тәрбиесімен, ақылымен, білімімен, мінезімен де биік болуы керек.Оның қадірі, ең алдымен, оның көрген тәрбиесі мен өмірге деген көзқарасына байланысты. Қалыңмалдың негізгі мақсаты да – қыздың барған жерінде өз орнын тауып, сыйлы болуы үшін екі жақтың жауапкершілігін арттыру еді.
Қорытындылай келе, қалыңмал дәстүрінің мәнін дұрыс түсіну – ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың бір жолы. Ол заман талабына сай өзгеруі мүмкін, бірақ оның түпкі мағынасы – отбасы ауызбіршілігін нығайту, қыз баланы қадірлеу, оның болашағына қамқор болу. Ең маңыздысы – қыздың бағасын тек қалыңмалмен өлшемеу қажет. Ұрпақ тәрбиесіне жауапты әрбір ата-ана осыны ұмытпауы тиіс.
Г.САҚТАПОВА