Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЛЫҢМАЛ ТУРАСЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?

ҚАЛЫҢМАЛ ТУРАСЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?

ХХ ғасырдың басында жазылған шығармаларды оқып отырсақ әйел теңсіздігі жайында баяндалады. «Қалқам ер жетіп, оны бай жерге беріп, көп мал алсам» деген ойлар сол кездегі романдардың фабуласы іспеттес. Немесе ұл мен қызды бесіктен шықпай, бір-бірімен атастырып, бастарын шатастырып қою. Екеуінің бір-біріне пар болып өсе ме, жоқ, бірі қурай, бірі тал болып өсе ме..? Бір сөзбен айтқанда, қазақ қызының шарасыздығы, қоғамдағы орны, аянышты сезімдері - сол заманның жазушылары үшін қалам тербеуге итермелеген фактілер.Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романында:
- Апа, осы әкем жеңілейіп кетіпті-ау? - Тәңірі алғырдың сені сатып алған малын көтере алмай жүргені ғой, біздің не ойлап жүргенімізді қайдан білсін! - Апа, осы әкем мені жақсы көремін деуші еді, онысы бекер екен-ау? - Сені жақсы көргенімен де, бай мен малды сенен артығырақ көргені ғой... - Апа, осы адам өз баласын кемшілік, қоршылыққа қалайша қияды екен? - Рас, қалқам, қазақтың қызды «жат жұрттыққа жаралған бала» дейтіні бар ғой. Кім болса, соған, тек мал берсе бере салады, сондықтан ғой қыз байғұстың: «Бар ма екен ата-анадан бауыры қатты, баласын әлпештеген малға сатты...» деп өлең айтып жылайтыны суреттелген.
Алғаш жарық көрген Спандияр Көбеевтің «Қалыңмал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» сынды романдары - халқымыздың әлеуметтік тұрмысы, қазақ қыздарының мұңды күйін әр қырынан әңгімелейтін бірден-бір туындылар. Мұнда авторлар кейіпкерлердің әрекетін, қарым-қатынасын әңгімелеумен бірге, әділетсіз қоғамды әшкерелеп, сынаған.
Қазақ халқы қоғамдық қарым-қатынастарды әдет-ғұрыптар бойынша реттеп, өздерінің достығын қыз алысып, қыз берісіп, құда болу арқылы нығайтып келген. «Қыз бала — жат жұрттық», «Қыз — дәнекер», — дейтін сөздер сол ойды білдіруден туған. Екі-үш жасар ұлы бар дәулетті қазақтар өздеріне сай отбасымен туыс болуды жөн көріп, бір-біріне құда түсуге тырысқан. Көбіне 11-12 жасар қыздарға құда түсіп, қызын 13-те ұзатып, ұлын 15-те үйлендіре берген. Ал жалғыз ұлы болса, баласына келіншек әперіп, қызығын көргісі келсе, 8-9 жасында үйлендіре салатын. Сол сияқты, он жастағы не одан да жас қызды күйеуге бере беретін.
Қыз бейшараны малға сатылып кете берілуінің әке қаталдығынан тыс бір себебі - білімінің болмағандығында да. Ол кезде қызын оқытып, оған білім беруге тырысқан адамдар аз еді. Не оқу білмейтін, не заңды түсіндіріп берер адамы жоқ қыздар зорлық көріп, бақытсыз ғұмыр кешетіні де осыдан.
Қыз баланың жағдайына жаны ашыған М. Дулатов әкелерінің санасына жетер деп, 1911 жылы «Айқап» журналының №1 санында Азамат Алашаұғлы лақап атымен «Екі қыздың мұңы» әңгімесін жариялаған болатын. Нұрила деген қыздың аузымен көпшілікке: «Бір сен емес, күллі қазақ қыздарына айтатұғын насихатым мынау. Атасының малға сатқан жеріне егер өзі риза болмаса, басын кессе де бармасын. Ғұмырын қол ұстасып өтсе де, өзінің сүйгенімен кетсін. Бұл іс шариғатқа да теріс емес. Қызын сатсын деген шариғат жоқ. Қыздың басына закон көптеген ерік берген. Бұларды көре тұрып, пайдалана алмаған қыздардың обалдары өздеріне. Қызды балам деген аталар жылатпасын, оқуға берсін. Хайуанша сатылған жерге бармай, өз
еркімен теңін табу ел ішінде бола бастаса, қыз сатқыш аталардың қателері естеріне түсіп, жас қыз алғыш шалдар мен сұлу тоқалға құмар байлар да малдарын далаға шашудан тоқталар еді. Бейшаралардың көз жастары тиылар, халық қатарына қосылар, сүйген жарларымен ғұмыр бойы рахат жасар, бастарынан қара тұман серпілер. Шын бақытқа сонда ғана жетер! - деп жеткізеді.
Қыздардың малға сатылуы кеңес өкіметі орнағанда ғана тиылды. Бұны бірі құптап, екіншісі наразы болып жатса да, қалыңмал беру заңмен қудаланды. Ал қыздар болса, бұған іштей қуанды. Қалыңмал беру дегеніміз - адамды сатып алу, яғни күңдікте ұстау құралы деп саналатын болды. Осылайша, 1960 жылдың 1 қаңтарында Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша әйелдердің некелік құқығына шек қою әрекеті айыпталып, жауапқа тартылды.
Қалыңмалдың тек сарқыншақтары ғана қалған, немесе қыз жасауының құнына салынған кішігірім ақша сомасы десе де болады. Ал бүгінгі жастардың осы дәстүрге деген көзқарасы қандай, сөз кезегін оларға берейік.
Шыңғыс Құдайберген, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті, 21 жаста:
- Қалыңмал қазақтың дәстүрі болғандықтан, қазақтың қанында, өз заманымыздың дәстүрінде қалу керек деп ойлаймын. Себебі, қалың мал берілсе, ол қыздың артынан келетін жасауға үлкен көмек болар еді.
Меруерт Құдайбергенқызы, 23 жаста:
- Менің ойымша, қалың мал берген өте дұрыс. Ал осы дәстүріміз қазіргі кезде белгілі бір бәсеке дәрежесіне түсіп кеткен сияқты. Мысалы, «оқыған қыз 500 мың», «Пәленшенің қазына 1млн әкеліпті» деген сөздерді естіп жатамыз. Тіпті, той жасауды да, қыз артынан апаратын жасауын да бірінен-бірі асырып, жылдан –жылға ұлғайтып жатады. Бұл қазақтың дәстүрінің жақсы болғаны емес, қазақтардың ішінара бәсекеге түсуі деп білемін. Бұрын әжем: «Қызым үйленетін болса, тек бақытты болған жеріне барсын. Қанша әкелсе де, маған бәрібір», - деп айтатын. Менің бағамды жігіт жағы қояр деп ойлаймын. Бірақ, қазіргі қалың малдың бағасы орта есеппен, кризисті есептегенде 300-400 мың шығар.
Талғат Сапарғали, Қытай Халық Республикасында тұратын қандасымыз, 25 жаста:
- Қалың мал – ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр. Осы дәстүрімізді бұзбағанымыз жөн. Әке-шешесі қызды бойжеткенше өсірді, талай еңбектенді. Бірақ бұл жерде ақшаға байланысты емес. Мысалы, мен Қытай Халық Респусликасы Үрімжі облысының Іле ауданында тұрамын. Бізде қалыңмал өте қымбат. Қалыңмал беру дәстүрі 2 түрде: мал беріледі және ақшалай беріледі. Қыздың құны 10 тұяқ малдан көп болады. Көбіне, қалалық жерлерде қалыңмалды ақшалай береді. Бірақ, сол ақшаға ата-анасы қызына барлық жағдайды жасап, дүние-мүлкін алады. Құнын есептесек, теңгеге шаққанда 1 млн ақшасын береді. Ал малын, ақшасын қоссақ, 2-3 миллиондай болады. Қалыңмалдың бағасын қыз жақтың өзі айтады.
Ерасыл Шәрібек, 22 жаста:
- Қалыңмал мәселесіне келетін болсақ, бұл дәстүр – атам заманнан келе жатқан үрдіс, дәстүр. Қазіргі жастардың ойынша, қалыңмал берген дұрыс емес. Бірақ, осы ой – батыстық ой деп санаймын. Бұл қыздың жасау жабдығын жөндеп, дұрыстап ұзатып, өзінің сән-салтанатына кететін қаражат. Осы күнге дейін қызынан миллиондаған қалың мал алып, байып кетіпті деген адамды естімеппін. Қайта соның қызынан жақсы жасау келіпті, оның қызы жақсы ұзатылып келіпті,
сол екі жас жақсы отау құрыпты деген сөздер ғана естігенмін. Бұның барлығы жас отауға көмек қой. «Қалыңмал беру – қызды сатып алу» деген пікірден арылу керек.
Айдар, тарих факультетінің студенті, 19 жаста:
- Қалыңмал – қазақтың дәстүрі. Қазіргі таңда оңтүстік жақта қалыңмал қымбат. Бір жағынан қалыңмал деген дұрыс та шығар, ата-анасы өз қызын бағалап жатса... Алайда, жігіт жағы несие алып, той жасап жатса, оған қоса қалың малға деп тағы бере шығынданса, бұл жас отаудың алдағы өміріне қиын болады. Бұл салт халықтың деңгейін, бай мен кедейдің аражігін ашып көрсетеді. Менің ойымша, қалыңмал берудің қажеті жоқ. Екі жасқа бата берудің өзі жеткілікті деп санаймын.
Сонымен, бүгінгі қалыңмал мен өткен ғасырдың қалыңмалы арасында тарихи өзгерістер мен заманға сай бейімдеушілік анық көрінеді. Бірақ ең бастысы, қалыңмал көлемі адам махаббатының мөлшері емес екендігін ұмытпағанымыз абзал.
Балауса Төребай
Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті
13 наурыз 2018 ж. 2 375 0