Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мақтануға лайықсың

Мақтануға лайықсың

Жөн болар өзім емес қалам айтқан,
Жақсы сөз өз иесін табады айтқан.
Арқаланып тұрамын, шабыттанып,
Арқаның төсіндегі қаланы айтсам.

Шындығыма әрбір жан иланады,
Алаштан көрді талай сый қонағы.
Астана мен мұндалап көз тартады,
Қазақтың сұлуындай жиырмадағы.

Сөзсіз деп әр қонағы айтады өткен,
Көңілі даласын да байтақ еткен.
Өрлігі мен ерлігі байқалады,
Көкке бойын түзеген бәйтеректен.

Астанада бар шаттық, бар ғажап күн,
Жас қалам, ажарыңмен жанға жақтың.
Ханшатырын көремін символындай,
Шатыры деген оймен бар қазақтың.

Уақыт болмағанды ұлы мұндай,
Астанам асқақтықтың тұғырындай.
Қос өзені ағылған қос жағадан,
Ару қыздың қос өрім бұрымындай.

Егемен, тым өзгеше ел көрем мен,
Қазақ елі өрісін кеңнен өрген.
Дөңгеленген жер шарын бейнелейді,
«Нұр Әлемнің» шары да дөңгеленген.

Аңсап өткен өзіңді ерім ерен,
Жүрегім бірге соқты елімменен.
Тіл мен көзден сақтасын, мақтамаймын,
Мақтануға лайықсың өзіңменен.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
23 ақпан 2018 ж. 1 670 0