Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол – тіршіліктің тынысы

Жол – тіршіліктің тынысы

   Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың аймақ халқы алдындағы есепті кездесуін теледидар арқылы көріп, түрлі салалар бойынша атқарылған ауқымды істерге сүйсіндік. Алда жүзеге асырылатын жоспарлы жұмыстарды естігенде бір серпіліп қалдық.
   Әсіресе, тас жол төңірегінде айтқан жобалары көңілге қонымды болды. логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша есебін ұйып тыңдадым. Себебі, өзім аудан орталығынан шалғайдағы елді мекен Тоқабай ауылында тұратындықтан, жолдың азабын бір адамдай-ақ көріп келе жатырмын. Аймақ басшысының есебінен білгеніміздей, облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2338-ге жуық шақырымды құрайды екен. Оның 63 пайызы жақсы әрі қанағаттанарлық жағдайда. Ал, өткен жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға қыруар қаржы бөлінген. Осыдан-ақ, жүйелі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын байқауға болады.
   Аудан орталығына қатынау тоқабайлықтар үшін қашаннан үлкен мәселеге айналған. Оның үстіне ауылымызда жеке автобус та жоқ. Көршілес Қарақұм ауылының автобустарын пайдаланудамыз. Жүргізушілерге ризашылығымыз шексіз. Қона жатып, аудан орталығына қатынатуда. Биыл қалың жауған қардың салдарынан көлік қатынасының біршама уақыт үзілгені де рас.
   Міне, облыс әкімі өзінің есепті кездесуінде аудан орталығынан Тоқабай ауылына дейін жол салу жоспарда көзделгендігін айтқанда төбем көкке жеткендей қуандым. Жақсы жаңалық жерде қалған ба? Мал қамымен қора жақта жүрген көршілеріме де жақсы жаңалықты лезде жеткіздім. Жол – тіршіліктің тынысы ғой. Түрлі шаруамен, әсіресе, аяқ астынан сырқаттанып қалған жағдайда аудан орталығына еркін жетудің өзі олжа емес пе? Халықтың жағдайын қалт жібермей қаперге алған облыс әкіміне айтар ризашылығымыз мол.
Сәкен Қожанов,
Тоқабай ауылының тұрғыны.
16 ақпан 2018 ж. 1 209 0