Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Гендер пати» немесе «хен пати»: Әр елдің салтын өзімізге қабылдау қаншалықты дұрыс?

«Гендер пати» немесе «хен пати»: Әр елдің салтын өзімізге қабылдау қаншалықты дұрыс?

Қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірі дәстүр мен мәдениетке негізделген. Ол бәріне түсінікті. Бірақ сол дәстүрімізге басқаның мәдениеті сіңіп бара жатқан жоқ па? Кешегі баласына ат мінгізіп, тізгін ұстатқан қазақтың ұрпағы қайда? Біз үшін дәстүрдің үлкені сол еді ғой. Балам ат жалын тартып мінер азамат болды деп ашамай істетіп, ұлан-асыр той берген аталарымыз бүгінгі гендер пати мен хен патиді көрсе, қай бетін шымшиды екен?! Айтпақшы «гендер пати мен хен пати» деген не деп түсінбей отырған боларсыз. Бүгінгі біздің әңгімеміздің де төркіні осы жайында болмақ.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Десе де бұрын дәстүрімізде болмаған, болмақ түгілі, ол туралы ойлап та көрмеген батыстық мәдениет қалыптасып келеді. Тіпті көре көзге үйреншікті болып кеткен соң, оны жатсынуды да қойдық. Керісінше, өзіміге сіңістіріп, бұрын ғұрпымызда болғандай етіп қолданып келеміз. «Гендер пати» деген дәстүрді алайық. Балалы болуды армандап, сол күннің қуанышты хабарын естіген жұбайлар үшін аздаған айлардан соң іштегі нәрестенің жынысын анықтау кезеңі басталады. Ультрадыбыстық тексеруден соң, оны жұбайына немесе отбасына айтудың өзін кішігірім салтанатқа айналдырған қазіргі жастар. Және оны түрлі жолдармен білдіретін болған. Қыз болса – қызыл түс, ұл болса – көк түс. Осындай түстерге боялған шарлар немесе торттар арқылы мерекелік рәсім өткізетін жастар бүгінде бұл мәдениетті қазақ қоғамына енгізіп үлгерді. Қазір осындай сарындағы көріністер әлеуметтік желіде көптеп кезігеді. Тіпті ел алдында жүрген өнер иелері де осы бір үрдісті қолданып жатыр.
Жақын інілеріміз осындай қадам арқылы болашақ жарық дүние есігін ашар перзенттерінің ұл немесе қыз екенін білген. Негізі, мұндай ұсынысты келіншегінің құрбылары айтқан. Сол күнді арнайы кеш ретінде өткізуді көздеген жастар осылайша батыстық мәдениетке біртіндеп мойынсұнып барады.
– Бұл үрдістен өз басым айтарлықтай ерсілік байқай алмадым. Бар болғаны – отбасымызға ортақ қуанышты жақындарымыз және достарымызбен атап өту ғана. Біріншіміз ата-әжесінің балдары болғандықтан, екінші перзенттің біз үшін орны ерекшелеу болайын деп тұр. Сондықтан болар, осындай үрдісті қолданғанымыз. Оның үстіне, осы бір ерекше сәтті есте қаларлықтай етіп өткізуді достарымыз айтты. Біз келістік. Өтті, кетті. Біз онымыз үшін айтарлықтай сынның астында қалған жоқпыз. Керісінше, желіге жүктеу арқылы көптің тілегін алдық. Мұндай үрдістер бұрын мәдениетімізде болмады демесеңіз, қуанышты бөлісуге бастайтын дәстүрлердің көп болғанын өз басым құптаймын. Тек келешек ұрпаққа айтарлықтай зияны тимесе болғаны, – дейді Ж.Әлшанов. Олар бүгінде екінші нәрестелерін күтіп жүр. Екеуі де жас болғандықтан, жастар арасындағы кез келген бастаманы қолдауға дайын.
Естір құлаққа түрпідей тиетін «хен пати» деген батыстық мәдениет қалыптасып келеді тағы да. Бұл халқымыздың бұрынғы «бастаңғы» деген дәстүріне келетін ерекшелеу кеш. Тұрмыс құратын бойжеткен үйленердің алдында өз құрбыларымен бас қосып отырады. Ол екі жағдайда өтеді. Үйде немесе кафеде. Қалыңдыққа арналған қыздардың кеші әлемнің көптеген елдерінде ұйымдастырылып жүр. Бізге келе қойғанына көп бола қойған жоқ. «Хен пати» түсінігі Ұлыбритания, Ирландия, Аустралия мен Жаңа Зеландия елдерінде кең таралған. Ал АҚШ пен Канадада бұл кешті «Тұрмыс құрмаған қыздар кеші» деп атайды. Сол күні болашақ қалыңдыққа айтылар тілек пен сыйларда шек болмайды.
Жұбайлық өмірдің алдындағы сауық кешінің сән-салтанатқа айналуын қалайтын Сандуғаш та бұл үрдісті үзілді-кесілді жоққа шығара алмайды. Айттырып келген болашақ жарының келісімі бойынша шаңырағынан ұзатылып шығардан бірер күн бұрын өзі қарайлас бұрымдылардың басын қоспақ ниетте. Бұл үрдістің өзгеден келгенін білсе де, біз әңгімеге арқау етіп отырған «хен пати» деген атауға ие екенінен хабарсыз.
– Мен бұл басқосудан бейәдеп немесе бұрмалаңқы дүние көріп тұрғаным жоқ. Бар болғаны өз құрбыларымды үйге шақырып, келін емес қыз бала ретіндегі соңғы отырысымызды ортақ қуанышпен өткізбекпіз. Сіз айтып отырған «хен пати» деген дүниеден анағұрлым хабарым жоқ. Бірақ қазіргі жастардың арасында бар үрдіс бұл. Негізі, мұндай дәстүр халқымызда да ертеде болған деп есептеймін. Бір жағынан, бұл кеш бұрындары болған «бастаңғы» деген дәстүрге келетін сияқты. Алайда оның жасалу жолы бөлектеу. Бірақ «сауық кеші» деп екеуін де бір түсінікке сыйғызуға болатын сияқты. Сондықтан мен мұндай дәстүрге байланысты қарсы пікірде емеспін, – дейді бұрымды қыз.
Иә, өзгенің қаңсығын таңсық көру әдеті бізде бұрыннан бар. Дәріптейміз десек халқымыздың бұрыннан келе жатқан, қолданыстан шет қалған дәстүрлері жетерлік. Біз әңгімеге тартқан қала тұрғыны Әбдіхан ағамыз осындай пікірде.
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Сонда да сақтаймыз десек салт, ұстаймыз десек үрдіс өзімізде де бар. Тіпті ұмытылып бара жатқан қазақы салт-дәстүрлер қаншама?! Осындай рухани бай қоржыны бола тұра, өзгенің қаңсығына құмартатын қазіргі жастарға қайран қалам. Бәлкім, заман сондай шығар. Бірақ заман сондай деп қазақтың дәстүрін қай ел ұстанып жатыр дейсіз?! Сондықтан болашақты ойласақ, өткеннің жаңғырығын қайта дәріптеуіміз керек. Ол үшін өзімізде де тұрмыстық өмірге бейім келетін ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді ұстануымыз маңызды. «Бастаңғы», «сыралғы», «атбайлар», «аушадияр», «сыңсу» немесе «босаға майлау» сынды дәстүрлердің дені бүгінде қолданыстан тыс қалып, қазақ мұрағатының алтын қорына айналды. Бүгінгі біздің ұрпақ осындай салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды түгендеп, оны ұстануға ұмтылу керек, – дейді зейнеткер Ә.Әбдікәрімұлы.
Түйін: Атадан қалған салт болмаса да, елімізде туған күн тойламайтын отбасы қалмады. Бұл – қазіргі заманның боямасыз шындығы. Тіпті соны желеу қылып ас та-төк той жасайтын отбасылар қатары көбейіп барады. Ол өз алдына. Қазақы ғұрып қоржыны бұрын естімеген әдеттермен толығып жатыр. Қазақ жастары арасында сәнге айналған жаңа дәстүрлердің кейбірін қазіргі орта буын түсінбейді де. Бірақ әлеуметтік желінің ықпалы артқан тұста көненің көмескіленіп, өзгенікі озатын заманға тап болғандаймыз. Негізі, осы материалды дайындау барысында әлгі «гендер пати» немесе «хен пати» жайында көптеген жандардан сұрастырдық. Бұл үрдістерден қазіргі орта буын өкілдерінің хабары болмай шықты. Ұстанбақ түгілі, атын естіп көрмеген дүниенің қазақ қоғамына жат екенін айтты. Қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр өңірі әзірге дәстүрдің озығы мен тозығын жете түсінеді. Тек желіге желімдей жабысқан қазіргі жастардың көзқарастары батысқа көп бейімделіп барады. Негізі, өзгеден алатын орынсыз дәстүрлерді өзіміздің ескі дәстүрімізбен алмастырудың маңызы зор. Дәстүрді ұмытпай ұлықтау – халқымыз үшін құнды қағида. Қазіргі жастар осыны естен шығармаса екен.

А. БИСЕНОВ

27 наурыз 2021 ж. 2 665 0