Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәсеке мен ысырап

Бәсеке мен ысырап

Айтып келмейтін ажал кейде ағайын-туысымызды, көршіқолаңымызды, тағы бірде таныс-тамырымызды қапыда алып кетіп жатады. Бақилық болған ата-баба аруағына ас беріп, дұға бағыштау әріден келе жатқан үрдіс екенін жақсы білеміз. Алайда өлінің рухына арналған өзге садақа мен ас беру рәсімінде салтанаттылық нышаны басым екені көрініп жүр. Осы орайда, қазақтың қанында бар бұл дәстүр Ислам дінімен қаншалықты үндеседі? Ықылым заманнан келе жатқан бұл дәстүрдің бүгінгі көрінісі қандай?
Дүниеден өткен адамға «сауабы тисін» деген ниетпен Құран бағыштауға болатынын, оның шариғатқа қайшылығы жоқтығын, керісінше, сауапты іс екендігін талай Ислам ғұламалары дәлелдеп жазған. Осы орайда ата-бабаларымыздың берері мен сауабына мол кенелетіні анық байқалады. Сонымен қатар Исламда «үздіксіз сауап» деген ұғым бар. Ол пайғамбарымыздың: «Адам қайтыс болған соң амалсауабы тоқтайды. Тек үш жолмен ғана үздіксіз сауап барып тұрады. Ол – тоқтаусыз садақасы, қалдырған пайдалы ілімі, салиқалы ұрпағының дұғасы» деген хадисіне негізделген. Осы негіздерге сүйене отырып, Құран оқудың ғана емес, дүниеден өткен адам үшін дұға етіп, кешірім тілеудің, бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы тиетінін ғалымдар өз еңбектерінде жазып қалдырған. Қазақтың дәстүрінде өліге Құран бағыштауға ерекше мән берілетіні белгілі. Бұл бір жағынан дін мен дәстүрдің өзара ортақ ой-ниетке тоғысқанын көрсетеді. Көшпелі далалықтар ерекше қастерлеген мазар мәдениеті мен зиярат әдебі де Ислам діні мен ұлттық дәстүрлер үндестігінің көрінісі. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Егемендік алған күн мен бүгіннің арасы отыз жылға таяп қалды. Көш түзеліп, елдің жағдайы оңалды. Технология жетілді. Ас беру дәстүрі де дәл солай. Осыдан жиырма жыл бұрын жайылған дастарқан мен оның бүгінгі көрінісін салыстыра алмаймыз. Арасы жер мен көктей. Қазақтың әуелдегі құдайы тамақ беру әдебіне үңілетін болсақ, дастарқан үстінде бауырсақ пен шелпек, тары мен талқан, құрт пен қаймақ қана қойылушы еді. Сол кездегі кәделерде расымен де өлім болған үйге келіп отырғандығың сезіліп, қазаға байланысты жайылған дастарқан екендігі байқалатын. Бүгінгі күні адамдардың бойынан ондай сезім байқалмайтын тәрізді. Керісінше, кейбір қазаға жайылған дастарқан басында дарақылана күліп, мешкейлене тамақтанып отыратындарды байқаймыз. Көпке топырақ шашпаймыз. Алайда мұның әбестік екенін айта кеткен жөн. Әрине, бұл үрдіс түп-тамырымен жойылды дей алмаймыз. Әлі де болса сарқыншағы сақталған жерлер бар. Дей тұрғанмен, халық арасында асыра ысырап етіп, шариғат пен қазақы ғадетке жат жағдаяттар қылаң беріп, жаңалық жасап жатқандар да кездеседі. Бұндай дүниелер ел ішінде екіұдай түсінік туғызып, соңы түсініспеушілікке алып келуде. Қонақ келсе, қорадағы жалғыз малын құрбандыққа шалатын қонақжай қазақ жиғантергенін тойда, құдайы аста шашатыны жасырын емес. Қазақ даласындағы тоқшылықтың әсері торқалы той мен қайғылы қазаның дастарқанын ажырата алмайтын дәрежеге алып келді. Тіпті құдайы асты өткізу үшін банк жағалағандар да пайда болды арамызда. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген наным бар. Бұл жалған дүниедегі ішіп-жейтін дәмтұзы таусылса да, «Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», «Алла тағала алдынан жарылқасын» деп артында қалған балалары дұға жасап жатады. Бірақ соңғы уақытта осындай басқосуларда халық сауаптан гөрі, ұятты алға қойғандай көрінеді. Құдайы ас – тамаққа мұқтаж жандарға берілетін садақа. Жоқтың жыртығын жамап, қарындарын тойдырып, жасалған ізгі амалдың сауабын марқұмның аруағына бағыштау. Ислам – мұсылмандарға бүкіл жақсылықты бұйырып, күллі жаманшылыққа тыйым салатын дін. Мысалы, жұртшылықты ас беруге шақырғанмен, шектен тыс ысырап жасауға жол бермейді. Қасиетті Құранда «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді сүймейді», – деген. Сондықтан осы екі ортадағы қылдай нәзік өлшемнен қателік жібермеуге тиіспіз. Шындығында да, бүгінгі беріліп жүрген ас беру рәсімдері бізді айтарлықтай алаңдатады. Барды шектен шықпай ұқсата білу де өнер. Көп ретте, ас иелері «Әкесі кезінде оқытып, жетілдіріп еді. Енді оның құдайы асын жарытпай отырғанын қарашы» дейтіндерден именіп жатады. Біз осындай түсініктен арылуымыз қажет. Мұсылманға өзгенің пікірі емес, Алланың бұйрығы маңызды. Дастарқанға қойылғанды жеп, тауысып кететін жамағат болса, әрине, дұрыс. Бекерге артылып, төгілген дастарқанда не мән бар? Мұсылманға ас ішкізу – сауапты іс. Бірақ ысырап ету – күнә. Міне, осылардың арасынан алтын ортаны таба білуіміз қажет. Кәдеге берілетін бұл астың өзіндік негізі бар. Тойда жасалған дастарқан мен құдайы астың тәртібі болады. Осы екеуін орнын шатастырып алған жоқпыз ба?
Ақтоты Шынықұл
22 қаңтар 2020 ж. 1 896 0