Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бейіт басынан бет сипамай өтпеңіз

Бейіт басынан бет сипамай өтпеңіз

       Кеңес үкіметінің тұсында дінімізге қысым жасалып, діни білім алуға тыйым салынғандықтан, халықтың әруақтарға зиярат ету жоралғысынан қол үзіп қалғаны рас. Десе де, қорымның тұсынан өтіп бара жатып «бет сипау» қазақ танымында сақталған. Онда әр пенде іштей не айтып, не қояды, ол Аллаға аян. Ал бұл жоралғының діни үкіміне келетін болсақ, қорым басына барып өлілерге зиярат жасау немесе қасынан өтіп бара жатып шариғатта белгіленген дұға-тілектерді айту сүннет айту амалдардың қатарына жатады екен. Бәлкім, мұны біріміз білерміз, біріміз білмеспіз. Бірақ соңғы кездерде сол сүннет амалды жасауға селқостық танытып жүргендер де бар.
       
       Бейіт басынан бет сипамай өтпейтін қазақ қашанда әруақты құрметтеген. Аңызға бергісіз әңгімелерге құлақ түрер болсақ, бес күндік мына жалғаннан небір әулиелік қонған тұқымнан дара киелі кісілер өткен. Мысалы, Ақиректегі Арыстан баб жатқан жер. Аңыздарда Арыстан баб күллі түркі жұртының мақтаулысы болғаны айтылады. Адамзаттың ардақтысы болған соңғы пайғамбар, Алла елшісінің де көзін көргендігі жайында аңыздар бар. Ал бүгінде ол кісінің жатқан жерін білетін күллі Сыр жұртшылығы жол жүргенде тұсынан тоқтап, дұға тілеп, бет сипап өтеді. Бұл – баба рухына құрмет, құлшылық. Сыр өңірінде мұндай әруақты жандар көп болған. Айталық, үлкен жолдың бойымен келіп Қамбаш көліне бұрылып, одан әрі Аманөткел, Бөгенге қарай жол тартсаңыз, жол жиегінде Қазанғап әулие атаның белгісіне жолығасыз. Ол жаққа қарай сапар шеккен жұртшылықтың бұл маңнан тоқтамай өтуі мүмкін емес. Сол жолдың үстінде жүрген жолаушы міндетті түрде басына тоқтап, баба рухына дұға бағыштап өтеді. Ауыл үлкендерінің айтуынша, бұл жерге тоқтамай немқұрайлы өте шық­қан­дардың талайы сәтсіздікке ұшырап, қиын жағдайға тап болған. Содан болса керек, ел аузында Қазанғап әулие атаға байланысты «Білмей өтсең білдірем, біліп өтсең бүлдірем» деген тәмсіл қалған. Бұл да баба рухына деген құрметтің белгісі болса керек.
          Сол секілді Арал қаласынан 22-25 шақырымдай қашықтықта Сапақ деген станция бар. Сол станциядан сәл өтіңкіресеңіз, «Шорахан өткелі» деген жер кезігеді. Теміржолдың астынан кө­лемі жеңіл көлік сиятындай ғана өткел ғой. Содан әрі қара жолмен Көктем елді мекеніне қарай бет алсаңыз, «Шая әулие» деген жерге жолығасыз. Көктемге алып барар шебін жолға жетпей 2-3 шақырымдай жерден кейін анадайдан қорым көрінеді. Сол таспен қарайтылған қорым – «Шая әулиенің» мәңгілік жай тапқан жері. Бұл кісі жайында да ауыл үлкендерінің әңгімесі «әулиелігі бар, көп­теген жолаушыға ескертпесі де болған» дегенге саяды. Бертініректе ауылда той болып, оған келген қонақтар сәл масай­рап, көңілдері шат болып келген көлік­терімен кері қайтады. Сол сапарда «Шая әулие» жатқан тұсты ескермей өте берген кезде, әлгі көлік құдды біреу қолмен аударғандай теп-тегіс жолда бірнеше төңкеріліп, төрт дөңгелегімен қайта тұра қалады. Сол оқыс оқиға орын алған сәтте көлік ішінде құндақтаулы бала бар екен. Құдайдың құдіретін қараңызшы, әлгі бала анасының қолынан ұшып кетіп, көліктің аккумуляторы тұрған қорапша тәрізді орынға қолмен қойғандай топ ете түскен. Ал аккумулятор болса, өз орнына түспей көлденең тұрып қалған. Осылайша баланың періштесі қаққан деседі. Көлік ішіндегілер болса, түрлі жарақат алып, бір ескертпеге ұшырайды. Содан кейін әулиенің басынан өтетін жолаушы міндетті түрде тоқтап, дұға тілеп, бет сипап өтеді. Ауылға жақындары немесе қонақтары келе жатқан тұрғындар жолда әлгі жерге тоқтауды ескертіп отырады екен. Бұл оқи­ғалар бізге өлілер мен тірілердің арасында дұға арқылы байланыстың болатынын білдіретіндей.
        Абдулһаки Деһлебидің «Мадариж-ун-нубубба» атты шығармасында Хақ Ел­ші­сінің (с.а.у) Ұһұд ғазауатында шахид бол­ған сахабалардың қорымына барып:
        – Уа, құлшылық жасауға лайықты болған Тәңірім! Сенің Елшің әрі құлың куә, олар сенің разылығыңды алу үшін шахид болды, – деп зиярат жасаған. Іле-шала қасындағы серіктеріне қарап: «Бұлар шахид болған мұсылмандар. Зиярат жасағандарды жазбай таниды. Кімде-кім зиярат жасап, сәлем берсе, олар сәлемді қабыл алып, жауап береді. Қияметке дейін осылай жауап береді» деп айтқандығы баяндалады.
Сонымен бірге, Алла Елшісінің (с.а.у) мұсылман қорымына келгенде:
        – «Уа, муминдердің жұрты! Сіздерге сәлем бердік. Иншаллаһ біз де сіздермен қауышамыз» деп айту керектігін ескерт­кен. Тіпті, қорымға зиярат еткенде немесе тұсынан өтіп бара жатып өлілердің ру­хына Ясин сүресін оқып бағыштаса, ондағы мұсылмандардың сол күнгі қабір азабы жеңілдейтіні, сондай-ақ Ықылас сүресін он бір рет оқыса, қорым басында қанша мұсылман жерленген болса, сонша сауап иеленетіндігі де хадистерде айтылған. Яғни қорымның жанынан өтіп бара жатып, ондағы әруақтарға арнап дұға-тілектерді жасаудың шариғатта әбестігі жоқ. Сауабы мол сүннет амал сана­лады. Сондықтан қорым жанынан өтсеңіз, ерінбей іштей дұға оқып, бет сипап өткеніңіз ләзім.
А. Бисенов
26 тамыз 2019 ж. 2 028 0