Шырақшы

Ақырғы дін, ақиқат дін – исламның діңгегі қатайып, гүлі көктеген керемет кез болса керек. Адамзатқа ізгілікті насихаттаушы Мұхаммед пайғамбар өзінің сүйікті сахабаларымен кеңес құрады. Дін таратуда талай жорықты өткізген серіктестерімен пікірлесіп отырып, алдындағы тостақтан құрма жемекші болыпты. Сонда бір құрма қолына ілікпей, қайта-қайта түсіп кете берген екен. Пайғамбарымыз бұл құбылыстың тегін еместігін біліп, қолға түспеген жалғыз жеміс өзінен кейін бес ғасырдан соң дүниеге келетін баланың несібесі екенін айтады. «Бұл құрманы иесіне жеткізу керек. Осы шаруаға кім тәуекел етеді?» деген сыңайда сахабаларына сұрау салыпты. Бірде-бірі бұған дауаламай, тек Салман әл-Фарси деген сүйікті сахабасы аманатты орындауға бел буған екен. Салманның екінші есімі Арыстан бап болған деседі. Сөйтіп, бес ғасыр арып-ашып өмір сүріп, уақыты келгенде ұртына сақтаған құрманы жеті жасар Қожа Ахмет Яссауиге жеткізген екен. Бала Ахмет кейін Арыстан бапты ұстаз тұтып, Орта Азияға дінді насихаттаған, сопылықтың негізін қалаған Құдайдың сүйген құлына айналыпты.
Осылай өрбитін бұл әпсананың түрлі нұсқасы бар тарихта. Қиссаға құмар көпшіліктің көкейінде бұл аңыз сайрап жатыр. Қожа Ахмет Яссауи жайлы тарихи деректерде мол мұра бар. Алайда ұстазы Арыстан бап турасында мәліметтер сараң сөйлейді. Көбіне ел арасында тараған аңыздарға арқау болып жүр. Мәселен, оның жеті жайы жайлы айтылатын әңгіме былай өрбиді. Арыстан бап өмірден өткенде әлемнің түкпір-түкпірінен адам келіп, оның мәйітін өз еліне алып кетпекші болып, талас жүреді. Ақыры бір мәміле болмаған соң, Құдайдың құдіретімен мәйіт жеті мүрдеге айналыпты. Содан ел ішіндегі ақсақал оны жеті түйеге артып, басын бос қойып, қай жерге шөксе, сол жерге жерлеңдер деп пәтуа шығарады. Міне, сол жеті жайдың екеуі қазіргі Қазақстан жерінде екен. Бірі барлығы білетін Түркістан облысында болса, екіншісі – Аралдың Ақирегінде. Аңызда айтылған сол түйе шөккен тұсқа біз де жақындап қалдық. Арыстан баптың мәңгілік мекені бір кездері теңіздің толқыны ұрған төбеге салыныпты.
Төбенің борпылдақ құмын біз мінген көлік бұйым көрмей, шырақшы отыратын үйдің жанына келіп тоқтады. Арқадан соққан аңызақ жел аңқамызды кептіріп барады. Алдымызда айналдыра салынған еңсегей баспана. Төргі үйдің көлеңкесінде бір шынтақтап бізді күтіп Жайық ағамыз жатыр. Әлгінде келгіміз келетін ниетімізді айтып хабарласқанбыз. Сұқбатымыз сәлем-сауқатпен басталды. «Арнайы сұрақ дайындаған жоқпыз» дедік ағамызға. «Тек сөздің тиегін ағытып, білетініңізді айта берсеңіз болды»...

Әулие шерепеті
Шырақшының шырайлы әңгімесі ескі әңгімелерді есіме түсірді. Аңыздар мен ертегілерде түс арқылы тура жолды табатын сәттер болушы еді ғой. Шындығында, олардың бәрі өмір тәжірибесі ме деген ойға қалдық. Әулиелі жердің қасиетін айтсаң, тауысып түгесе алмайсың. Жайық аға шырақшы болғалы талай адам дертіне дауа тауып, рухани тазарып, ісі ілгері басқанына куә болған екен. «Бірде орта жастағы қыз бала көңілсіз келді осында» деп бастады шырақшы шырайлы әңгіменің шетін шығарып.
– Әлгі қыз жылағандай болып, жағдайын айтты. Өздері алты ағайынды – 4 қыз, 2 ұл екен. Осы Аралда тұрыпты әуелгіде. Кейін отбасымен Ақтөбе қаласына көшіп барғаннан бастап бір кесірге тап болыпты. Алдымен әке-шешесі қайтыс болады. Артынша өздері аты жоқ ауруға жолыққан. Еңсемізді басып, ештеңеге зауқымыз болмай, түнеріп жүрдік дейді. Нақты не дерт екенін білмейді өздері. Дәрігерге тексерілсе, барлығы дұрыс. Содан бала күнінде анасымен бабаның басына келгені есіне түсіп, жәрдем сұрап келіпті. Әулиелі жерге аяқ басқалы реңі кіріп, бетіне қан жүгіре бастады. Сөйтіп, екі-үш күн түнеді. Кейін жиілетіп, отбасымен арнайы келіп тұратын болды, – дейді.
Қызығы бұл емес. Бір күні әлгі қыз шырақшыға келіп «біздің ата-анамыз жоқ, сіздерге бала болайық» деп ұсыныс айтыпты. Содан бері, кіндіктен тарамаса да, мейірім, рухани байланыс оларды жақындастыра түскен. Хат-хабар алысып, жылына бір келіп тұрады бүгінде балалары. «Былтыр бір сый жасады» дейді Жайық аға. Бұрын арнайы қозғалтқышпен жарық қосылған түнеуханаға күннен қуат алатын қондырғы әкеп беріпті.
Мұндай жағдайды тізбектей берсек болады. Ақырғы ақиқат дінімізде әулие-әнбиелердің Құдай алдындағы дәрежесі жоғары болатыны айтылған. Бәлкім, қазақтың бабаға түнеп, жәрдем тілеуі асыл дініміздегі қағидаттармен қалыптасса керек.
Ой сорабы
Сырдың бойында Шірік-Рабат деген шаһардың болғаны белгілі. Кейін археологтар қайта қорытынды жасап, бұл қала емес, ескі қорымдардың орны деген тұжырымға келді. Енді қараңыз. Әлгі қорымдардың сырты бірнеше айнала қорғандармен қоршалған екен. Тіпті, арнайы қаруланған әскерлер тұратын орындары бар болып шығады. Сонда бұндай бекініс не үшін қажет болды? Археологтардың түсіндіруінше, ежелгі сақтар бабаларының бейітін жаудың талқандауын өздеріне намыс санаған. Тіпті, бұл қорлаудың ең биік шыңы болып есептелгенге ұқсайды. Енді сол сақтардың бүгінгі ұрпағы біз емеспіз бе? Байқасаңыз, бабалардың мәңгілік мекенін қастерлеу ұғымының жібі үзілмей бүгінге дейін жетіпті. Бүгінгі бет сипамай бейіт жанынан өтпейтін қазақтың қадеті, ата-баба әруағына деген құрмет сан жылдар өтсе де санада жаңғырып тұр. Ал шырақшылар сол өткен мен бүгіннің арасындағы рухани байланыстың дәнекершісіндей көрінеді.
М. ҚҰРМАНӘЛІ