Құрбан шаларда не айту керек?

Жоқ-жітіктің атынан құрбан шалу – сүннет!
Сахабалардың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал сойған. Бұл жайлы Жабир (р.а.) былай дейді: «Хазірет пайғамбермен бірге мешітте едім. Құтпасын бітіріп, мінберден түсті. Сосын құрбандық қошқарды өз қолымен бауыздады. Бауыздап жатқанда: «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар! Бұл менің атымнан және үмбетімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан», — деді». Сондықтан да жағдайы бар мүминдер ардақты пайғамбарымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне жан бітіруге тырысқаны жөн.
Құрбан айт күні айт намазын оқып, малды құрбандыққа шалып болғанға дейін тамақ жемеу Сүннет (абзалы, міндетті емес) болып табылады. Сонда құрбандық шалғаннан кейін бірінші жейтін тамағыңыз құрбандыққа шалынған малдың еті болады. Айт күндері мерекелік дастархан әзірлеп, туысқандарды, көрші- қолаң, дос- жарандарды қонаққа шақырған абзал. Бұл күндері туыстық қарым- қатынасты нығайтуға аса мән беріледі. Садақа беріп, қайырымды болу жақсылыққа жетелейді.
Алла барша мұсылманның құрбандықтарын қабыл еткен болсын!