Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Күнәлар кешіріледі": Арапа күні туралы не білеміз?

"Күнәлар кешіріледі": Арапа күні туралы не білеміз?

Арапа сөзінің мағынасы

"Арапа" сөзі қазақ тіліне арабтың "ъарафа" етістігінен енген. "Білу, түсіну" деген мағынаны білдіреді. Бұл күннің "арапа" деп аталуының себебі Ибраһим пайғамбармен байланысты. Зүл-хиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде баласы Исмайылды құрбандыққа шалғанын көреді. Алғашқыда көрген түсін "жай түс пе, әлде аян ба" деп ойлаған ол ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Сол себепті бұл күнді арафа (арапа) деп атап кетсе керек.

Арапа қандай күн?

Арапа күні – бұл көне заманнан келе жатқан мұсылман мерекесі. Бұл күн мұсылман күнтізбесінің 12-ші айының 9-шы жұлдызына түседі. Яғни Арапа күні зүл-хижжә айының 9-шы жұлдызында, құрбан айттан бір күн бұрын болады.
Арапа күні Рамазан айынан кейін 70 күн өткен соң аталып өтеді.
2019 жылы Арафат тауына жиналу күні 10 тамызға келеді. Бұл – қажылықтың соңғы күні. Ал келесі күні Құрбан айт мерекесі басталады.
Тағы оқыңыз: 2019 жылғы діни мерекелер күнтізбесі 
Сонымен қатар, Арапа күні қажылық парызын өтеуге барған адамдар түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтап, таудың етегінде намаз оқиды. Меккеден Арафат тауына дейінгі аралық жол 7 сағатты құрайды. Бұл сапарға аттанған адам тауға жаяу жүріп көтерілуі шарт. Арафат тауында тұру – қажылықтың негізгі бөлігі, онсыз қажылық жасалды деп есептелмейді.
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) "Арапа күнін құрметтеңдер. Өйткені, Арапа – Алла қадірлі еткен күн" деген екен. Алла елшісінің айтуынша, Арапа артықшылығы мол күн екен.

Арапа күні қандай дұға оқылады

Имамдар Арапа күні шын ықыласпен дұға жасаған абзал дейді. Дұғаларда адам өзіне ғана бақыт тілемей, елдің тыныштығын, жастардың иманды, тәрбиелі, білімді болып өсуін, жұрттың тыныштығын, қоғамдағы өзекті мәселелердің де оң шешімін табуын тілеп, жалбарынғаны жөн.
"Арапа күні адамдар ораза ұстап, дұға жасайды. Көп құран оқиды. Намаздың шарттарын толығымен орындау шарт. Бұл күні мұсылман қауымы шын ниетімен дұға оқуы керек", - дейді Әзірет Сұлтан мешітінің діни ұстазы Дінмұхаммед Сманов.

Арапа күні ораза ұстауға бола ма

Бұл күні жасалатын негізгі істердің бірі – ораза ұстау. Арапа күнінде ораза тұтудың сауабы да ұшан-теңіз.
"Арапа күні ораза тұтушыға Адам пайғамбардан (яғни алғашқы адамнан) қиямет сырнайы үрленгенге дейін өмір сүрген бүкіл адамдар санының екі есесіндей сауап жазылады", - дейді Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.).
Дінмұхаммед Сманов бұл күні адамдар ауыз бекітсе, күнәлары кешірілетінін айтады.
"Мұсылман қауымы бұл күні ораза ұстағаны абзал. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) "кімде-кім Арапа күні ораза тұтатын болса, бір жыл алдыңғы және бір жыл кейінгі күнәлері кешіріледі" дейді. Бұл күні жасалған дұғалар қабыл болады", - дейді ол.

Арапа күні тағы не істеу керек

Арапа күні таң намазынан бастап, құрбан айттан кейінгі төртінші күні екінті намазы біткенге дейін оқылатын 23 намаздың парыздарынан кейін "Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһ, уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уә лилләһи хамд" деп тәкбир тәшриқ айтылады.
Тағы оқыңыз: Мұсылманша айлардың атауы мен олардың мағынасы қандай?
Ханафи мәзһабы бойынша ер адамдар үшін Арапа күні тәкбір тәшриқ айтудың үкімі – уәжіп ("Әл-ихтияру ли таълилиль мухтар", 1-том.) болып саналады.
Уәжіп – орындалуы парыз секілді талап етілмеген, бірақ нақты дәлелдермен айқындалған іс-әрекеттер мен міндеттер.
Егер мешіт имамы тәкбір айтуды ұмытып кеткен жағдайда да жамағат өздері оны бастап айта беруге болады.

https://sputniknews.
12 маусым 2019 ж. 2 158 0