Соңғы қоңырау: Оқу жылы аяқталды

Бүгін еліміздің барлық мектептерінде оқу жылының аяқталуына орай "Білімім – Отаныма" атты бірыңғай сынып сағаты өтті. Іс-шара барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024-2025 оқу жылын табысты аяқтаған барлық оқушыларды құттықтады.
Министрдің айтуынша, бұл оқу жылы жарқын жетістіктер мен маңызды табыстарға толы болды. Мемлекет басшысының бастамасымен бір жыл ішінде елімізде рекордтық көрсеткіш – 257 жаңа мектеп ашылып, білім беру инфрақұрылымы едәуір кеңейді.
Халықаралық білім бәйгелерінде де оқушыларымыз жоғары нәтижелерге қол жеткізді – 362 медаль, оның ішінде 41 алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, колледж студенттерінен құралған Қазақстанның Ұлттық құрамасы алғаш рет Францияда өткен 47-ші WorldSkills чемпионатында 7 медальон иеленіп, еліміздің абыройын асқақтатты.
Министр педагогтердің еңбегін ерекше атап өтті. Биыл алғаш рет екі мұғалім – Гүлжанар Нұрпейісова мен Эльмара Траисова "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын иеленді.
Сіздер – мектептің жүрегі, ұрпақ тәрбиесінің ұстынысыздар. Біліммен қатар, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңіріп, олардың саналы азамат болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер, - деді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ биыл балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған үш жаңа заң қабылданып, осы саладағы жүйе нығайтылды.
Министр ата-аналарға қолдау білдіргендері үшін алғыс айтып, 217 мың мектеп бітіруші мен 173 мың колледж түлегіне жарқын болашақ тіледі.
Фото: Нұрболат Нұржаубай