Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коучинг индустриясы психология мен матипуляция

Коучинг индустриясы психология мен матипуляция

ХХІ ғасырда бай болу – мақсат емес, міндет секілді. Өзге тілде сөйлеп, бренд киім кисең, жүзіңде күнделікті жарқын бояуың болса – сен нағыз табысты адамсың. Қоғамда сыртқы бейне мен ішкі шындықтың арасындағы алшақтық ұлғайған. Бақыттың өлшемі өзгерді. Бұл – құндылықтың күйреуі.
Білесіз бе, қазір экрандағы табыскерлерді көріп, өз өмірін құнсыздандырушы жандар көбейді. «20 жасымда үй алдым», «16 жасымда алғышқы миллионымды қалай таптым», «мен – әйелмін, қызметші емеспін» деп басталатын бейнероликтер әлеуметтік желіде ең көп қаралым жинап, тез таралатын рилс. Ал оның негізгі ойы қандай? Коучтар қоғамға қандай әсер тигізіп жүр?

Армандардың витринасы
Әлеуметтік желі – енді байланыс құралы емес, өмір сахнасы. Онда бәрі күледі, саяхаттайды, бизнес бастап, жетістікке жетіп жатыр. Бақытты. Желіге кірген сайын өзіңе деген сенім азаятыны ақиқат. «Мен неге олардай емеспін?» деген тұрпайы сұрақ санаңды тесіп өтеді. Сен өмірден қалып бара жатқандай сезімді қайтерсің. «Кедей бай болсам, бай құдай болсам» дегеннің кері келіп, жолындағысы мен жанындағысын жайпап өтерлерге қарап қызығасың.
Жастар бүгінде күн сайын желіден мотивация тыңдайды. «Миллионер болудың 5 жолы», «Бақытты болу үшін тек шешім қабылда» деген сөздерге сеніп, өзге шаруасын соңғы орынға ысырып қоятындар жетерлік. Ал шындығында Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы III тоқсандағы кедейлік деңгейі туралы мәліметтеріне қарайтын болсақ, 1,1 миллион адам күнкөріс минимумынан төмен, яғни 54,2 мың теңгеден аз табысқа күн көреді, бұл – ел халқының 5,4 пайызы. 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 2,1 пайызға азайған. Бұл дегеніміз, 1 миллионнан астам адамның кірісі өмір сүруге ең қажет деген заттарды алуға жететін сомадан екі есе аз деген сөз.
Одан бөлек, кедейліктің «тереңдігі» және «өткірлігі» деген ұғымдар бар. Кедейліктің «тереңдігі» табыс деңгейінің ең төменгі күнкөріс деңгейінен қаншалықты ауытқитынын көрсетеді. Ал кедейліктің «өткірлігі» табысы төмен азаматтардың кірісі орташа мәннен қаншалықты алшақ екенін сипаттайды. Кейінгі мәліметтер бойынша, елімізде кедейліктің тереңдігі – орташа есеппен 0,9 пайыз, ал өткірлігі – 0,3 пайыз.
Елімізде кедейлік деңгейі бірқатар аймақтарда төмендегенімен, кейбір өңірлерде өсім байқалуда. Сондай-ақ үлкен отбасылар арасында кедейлік деңгейі әлі де жоғары болып отыр.

Желідегі жалған өмірмен өз болмысын салыстырып, ішкі қысымға түсетін декреттік демалыстағы аналар, жастар тіпті ересектер де көбейіп келеді. Олар сәтсіздікті – кемшілік, кедейлікті – кінә санайды. Бұл – әлеуметтік желінің адамдарға салған рухани тұзағы.

Коучинг культі: үміт пен табыстың саудасы
Соңғы жылдары «коуч», «ментор», «тренер» деген атаулар кең таралып, олар миллиондаған адамның санасына жол тауып үлгерді. Олар ғылымнан емес, өз тәжірибесінен сөйлейді. «Сенің санаң кедей болса, өмірің де сондай», «Байлық санада басталады», «Сен бар жақсыға лайықсың» деген секілді сөздермен жұртты еліктіреді. Бірақ бұл сөздер бәрінің өміріне бірдей өлшем бола алмайды.
Осыдан біраз жыл бұрын заманауи коучтың сөзіне еріп, қомақты ақшаға киім сатып алған, кейін ол ақшаны төлей алмай қарызға батып, жұмыс орнында шу шыққан келіншектің оқиғасы әлеуметтік желіде таралған еді. Сонда оның көпбалалы ана, орташа табысты отбасы екені айтылған. Бұл бізге белгілі оқиғалардың жалғызы ғана.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты «Киберқадағалау» орталығының соңғы қолжетімді мәліметінше жалған онлайн коучинг пен инфо-өнімдер бойынша шағымдар саны – жылына 12 000-нан астам. Олардың ішінде 60%-ы – әйел адамдар, әсіресе 25–45 жас аралығындағы аналар. Нақты бір тұлғаға ақша аударып, ешқандай нәтиже болмаған оқиғалар – жалпы шағымның 42%-ын құрайды. Алаяқтық әрекеттер жиі кездесетін платформа – Instagram және YouTube.
Осы орайда есімін жасыруды сұраған бойжеткен:
– Қалаға алғаш оқуға келген жылым. Жатақханада бірге жатқан қыздармен бірге коуч кеңесіне сеніп, университеттегі оқуымды тастадым. Коуч маған «жұмыстан шаршама, жассың, арманыңды қууға шық» деді. Осылайша инстаграм әлеуметтік желісінен үнемі көретін онлайн табыс жолын таңдаған едім. Алғашқыда оп-оңай көрінген, десе де мен жұмыс жасауда біршама қиындықтар бар екенін түсіндім. Себебі тәжірбие де, қолдау да, жоспар да болмады. Осылайша 2 жыл уақытым босқа кетті де, ата-анамның қолдауымен тағы да оқуға түстім, – дейді. Ол бүгінде коуч әлі де жұмыс істеп, ақша тауып жүргенін де айтады.
Сол секілді бизнес-тренингтерде «батыл бол, инвестиция – табыстың кілті» деген сөзіне сеніп, кредит пен қарызға батып жүрген жан қаншама. Бірақ алдаушы оларға нарықты зертте, тәуекелдерді есепте деп айтпады. Байлар уақытын, өзгесі ақшасын үнемдейтін заманда қолындағысының құнын білмей жұмсау – басты мәселе.

Қауіп неде?
Қауіп – коучта емес, оларға соқыр сенім артатын қоғамда. Адам әлсіз кезде ақылды емес, үміт сыйлайтын жанды іздейді. Үмітті уға айналдыру – ең ауыр күнә. Жалған коучтар адамның әлсіздігін пайдаланады. Олар білікті маман емес, алайда өздерін бәрінен биік ұстайды, сөзі – мотивация емес, манипуляция.
Психолог Сарагүл Құлбаева:
– Мәселенің бәрі алдаушыда емес, алданушыда. Бір рет алданған жан немесе сондай оқиғаны естіп, «менде олай болмас еді» деген адам міндетті түрде алдануға ұшырайды. Мидағы бағдарлама соны орындайды. Кім де болса өзгені емес, өзінің ойын тазалап, санасын улауға жол бермеуі керек. «Мен сендім, ол уәде берді» деген сөз – жауапкершіліктен қашу. Ақылды басқара алған адам ондай жағдайға ұшырамайды, – дейді.
Соңғы жылдардағы жағдайларға байланысты жақында Қазақстан заңнамасына өзгертулер енгізу жоспарланып отыр. Соған сәйкес енді коучтарға ел тұрғындарына бірден табысқа кенелетінін айтуға тыйым салынады.
Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайыновтың айтуынша, қазір көптеген қазақстандықтар тренингтерге жиі қатысады. Оларды ұйымдастырушылар қатысушыларға өмірді жақсы жаққа түбегейлі өзгертуге болатынын айтады. Алайда, іс жүзінде ол жүзеге аспай жатады
– Біз бұл тармақты заң жобасында ескердік. Тренинг ұйымдастырушылар тұтынушыға қызметті алу нәтижесінде бәрі бірден жақсарып кетеді деп айтуға құқығы жоқ. Бұл көрсетілетін қызметтің сапасына қатысты тұтынушыны жаңылыстырады, – деді Құсайынов.
Айта кетейік, бұған дейін Депутаттар Қазақстанда коучтар мен бизнес тренерлерді сертификаттауды ұсынған еді.

Жетістік – төзім мен еңбек жолы
Жетістік – ол бір сәттік шешім емес, ол – күнде ерте тұру, тырысу, жұмыс істеу, шаршау. Шыдам мен сабырдың жемісі. Желіде көрсетілетін жетістік –нәтиже. Оның артында төгілген терді ешкім көрмейді.
Еңбек – көрінбейтін, бірақ сенімді жол. Бүгінде тұрақты ақша тауып, жетістікке жеткен жанның бәрі де тынбай еңбек етіп, өз білімін тереңдету арқылы бірізді жүйеге түсті.
Кәсіп бастағың келе ме? Онда зертте, үйрен, тәжірибеден өт. Табыс тапқың келе ме? Жұмыс істе. Отбасын құрғың келе ме? Түсін, құрметте, сабыр ет. Мұның бәрі коуч айтатын «5 қадамдық жоспарға» сыймайтынын түсіну керек.

Сенің жолың
Қоғам сыртқы түйсігін өзгертіп жатыр. Нағыз өзгеріс рухани байлыққа бағытталуы керек. Жетістікке жету үшін біреудің кеңесі емес, өзіңе деген сенім мен нақты қадам керек. Жалған коучтар қысқа жол ұсынады. Ол жол – тұйық.
Әлеуметтік желі – арман емес, құрал. Оны шындықтың орнына қою – адасу. Табыс – ұран емес, жүйелі әрекет. Бұл шындықты жастар білмейінше, олардың жүрегі әр «мотивациялық» видеомен жаралана береді.
Жарқын емес – мазмұнды өмірді таңда, өз жүрегіңнің үніне құлақ түр, себебі сенің жолың – сенің ғана өмірің.
Г.САҚТАПОВА

10 маусым 2025 ж. 46 0