Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорқор тарту қаншалықты қауіпті?

Қорқор тарту қаншалықты қауіпті?

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы төңірегінде көтеріліп жатқан сұрақтардың мақсаты – адам ағзасын, өмір сүру ортасын қоршаған ортаның зиянды әсерлерінен сақтау. Бүгінгі күннің бір мәселесі көп жағдайда адам баласы  қызығушылықпен бастап, кейін тәуекелділікке алып келетін қорқорды пайдалану болып отыр.
Казіргі кезде көпшілігіміз қорқорды зиянсыз ермек деп санаймыз. Қорқордың денсаулыққа зияны жоқ, ал сулы сүзгіші түтіннің токсиндерін тазартады деп алданбау керек! Қорқор – бұл улардың, қара майдың, канцерогендер мен бактериялардың өте зиянды қоспаларын адам ағзасына тез жеткізетін «сәнді» аппарат. Қорқор түтінінің улылығы шылым түтінінен бірнеше есе жоғары, оның құрамында қара май мөлшері 36 есеге, көміртек монототығы – 30 есе, улы иісті газ – 8,4 есе, никотин – 7,5 есе жоғары.
Британия дәрігерлері қорқордың бір порциясын шегуді 100 сигаретке теңестірген. Темекінің кез келгенінде де, қорқор құрамында да никотин болады. Оның бір толтырымында 6,25 мг, темекіде – 0,8мг никотин болады. Түтіндеткіш тартуды енді бастағандарда никотинге тәуелділікке душар болады. Зиянды «аппарат» тұтынатын адам шылым шегетінге қарағанда 14 есе көп түтінді иіскеп, бойына сіңіреді. Әрі осы кезде улы иісті газдың көп мөлшерін өкпесіне сіңіреді. Су темекісіне арналған шегу қоспаларының қалай әзірленетінін көбінесе ешкім тексермейді. Оған есірткі қосатын жағдайлар да орын алады, бұл оның зиянды әсерін күшейте түседі.
Қорқордағы көмір 600-650 градусқа дейін қызады, ал түтінмен бірге ол тартушының өкпесіне никотинмен қатар бензапирен (өкпе обырын туындататын) және ДНК мутациясына төзімді, тұқым қуалаушылықпен берілуге икемді канцероген сияқты қауіпті заттар да сіңіріледі. Оның түтіні тартушының қанына канцерогендерді (обырды туындататын заттар) және өкпе тінін зақымдайтын ұшпалы альдегидттерді тікелей  жеткізеді. Сигарет түтінімен салыстырғанда қорқор түтінінің құрамында пиреннің 75,6 есе және ди-бензоантрацидтің 245 есе жоғары екені анықталған. Улылығының жоғары болуына байланысты қорқор таратушылардың өкпе обырымен сырқаттану қауіпі 2 есе, жүрек қантамыр ауруларымен сырқаттану қаупі 2,2 есе, респираторлық аурулар мен риниттер 2,3есе, альвеолит 3,7 есе, ерлердің белсіздігі 2,5 есе, остеопороз бен ауыз қуысы патологиясы 3-5 есе жоғары болады. Қорқор тартылатын бөлменің ішінде болу 100-ден 200-ге дейін шегілген сигареттің зиянына бара-бар болады. Денсаулықтың дұшпанына арналған құрылғы сұйығында ауыз қуысының инфекциялық ауруларын – гингивиттер, пародонтоз бен ойық жараларды туындататын бактериялар жиналады. Бір реттік түтікшелер құтқармайды, өйткені бактериялар қорқордың түтігінде де, қуысында да тіршілік етеді. Көк түтінге байланған құрал тарту кезінде түтікшені бір-біріне ұсыну дәстүрі «А»гепатит, туберкулез, ұшық сияқты инфекциялар мен басқа да вирустық аурулардың таралуына ықпал етеді. Қорқордың зияны мұндай жағдайларда аса қауіпті болады.
Сондықтан да Сіздерді қорқор өнімін тұтынбай, салауатты өмір салтын сақтауға шақырамыз!
А.САТЕКЕЕВА
Арал аудуандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы

Фото: www.gov.kz
05 шілде 2025 ж. 56 0