Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемдердің мағынасы мәңгүрт етпесін

Мемдердің мағынасы мәңгүрт етпесін

Ес білгеннен бастап бізді кітап тәрбиеледі. Қалай дейсіз бе? Әуелі дастарқан басында әкеміз өзі оқыған кітаптар мен батырлар жайлы дастандарды айтып отыратын. Кейіннен өзіміз әріп танып, мектеп көргелі сол үрдісті әдетке айналдырдық. Әлі күнге дейін әдеттен аттамай, ішінара кітапқа көз жүгіртеміз. Алайда телефонға тәуелділік тіршілігімізге еніп кетті.
Бірақ қауіптісі ол емес. Балалардың гаджеттен бас көтермеуі болып отыр. Оларды электронды құрылғыдан ажырату мүмкін болмай қалды. Соңғы уақытта психологтар көп уақытын гаджетпен өткізетін балалардың психикасында ауытқулар пайда болатынын айтып дабыл қағып келеді. Ғалымдар мен психологтар осы тақырыпта зерттеулер жасап, баланың жүйке жүйесі айтарлықтай бұзылады дейді. Кекештенуге, тұтығуға, айтар сөзін толық жеткізе алмай, жүйке жүйесінің сыр беруі, ұйқысы бұзылуы, сабақ үлгерімі төмендеуі сияқты әрекеттерді жиі естіп жатамыз. Айтып, жазып та жүрміз.
Десек те балаларымызды бассыздыққа бастайтын түрлі қызықтырарлық ойындар мен трендке айналған түрлі бейнелер келешек ұрпақтың санасын жаулап жатыр. Былтыр ғана бүкіл қоғамды дүрліктерген, жасөспірімдердің түсінігін бұзатын "Үйден қашу" ойыны алаңдаушылық тудырып, тыйым саланған болатын.
Ал қазіргі уақытта қатты белең алған италияндық мемдердің атауын жатқа білмейтін бала жоқ десек болады. Себебі жануарлары бар нейромемдер әлеуметтік желіні толықтай жаулап алды. Бұлар брейнрод немесе брейнроконтент деп аталатын мемдер. Мағынасын түсінген адамға осы атаудың өзі қорқынышты. Ашып айтар болсақ “брейнрод” сөзінің тікелей аудармасы “мидың шіруі” деген мағына береді. Бұл ешқандай мән-мағынасыз, сапасыз, кейде тіпті ақылға қонымсыз контент түрі. Бірақ соған қарамастан, дәл осындай нейрошизалық дүниелер биылғы жылдың ең танымал меміне айналды.
Неге бұл нейромемдарды 3 жастағы баладан бастап барлығы жаттап алған? Олар қалай интернетті жаулап алды, неге зумерлер арасында соншалықты танымал, және бұл крокодилдар, қаздар, шошқалар қандай жасырын мағына береді? Оны ескеріп жатқан үлкендер де жоқ.
Жалпы мұның бәрі қиялдың күшіндегі дүниелер. Біз де қиялын қауқары жеткен ертегілермен өстік. Ал бүгінде нейрожелілердің көмегімен жасанды интеллект арқылы қалағаныңды жасауға мүмкіндік бар. Тек оның зияны еселеп артқаны қиындап отыр. Және танымалдығы тым жылдап таралып кетуде.
Мәселен біз айтқалы отырған сол италияндық мемдер алғашқы рет осы жылдың ақпан айында пайда болған. Бірінші болып Армен Джигарханян есімді Tik tok қолданушысы өз парақшасына жүктеген екен. Бұл мемнің атауы "Бомбардиро крокадило" деп танылып кетті. Ал артынша осындай жануарлар бейнесіндегі жасанды жаратылыстар бірінен соң бірі тарап, қаралым саны бірнеше онмиллиондық көрсеткішке жеткен.
Ал олар не себепті жасалды? Автордың түбегейлі мақсаты қандай? Ол жайын ешкім білмейді. Десекте "мидың шіруі" деген аударма ақиқатқа айналып келе жатқанын жақсы білеміз. Өйткені ондағы айтылған дүние мен беретін мағына бізді адасуға алып келе жатыр.
Бір қарағанда ақымақ адамның жай ғана әріптер тізбегін құрастырып, санаға сыймайтын атау берілген кейіпкерлердей көрінгенімен, түптеп келгенде баларамыздың жатқа айтып жүрген "Бомбардиро крокадило" тақпағының мағынасы "Бомбардиро крокадило Газаны және Палестинаны бомбалайтын, Аллаға сенбейтін, жарылысы сүйетін, ұшатын лағынет аллигатор" деген маығаны береді екен.
Мұнан бөлек айтуға тіліміз келмейтін ондаған кейіпкерлер бар. Ал олардың мағынасын зерттеп, зерделеп жатқан ешкім жоқ. Бір ғана мемнің өзі Аллаға деген сенімді азайтуға үндесе, бала кезден санасы бұзылған балақайлар болашақта не ісейтіні белгісіз.
Әйгілі ойшыл Гиппократ "Балаңа Құдай туралы айтпасаң, ержеткенде Құдаймен балаң туралы сөйлесесің" деген екен. Ендеше осы күннен бастап бала тәрбиесіне басымдық бермесек, басымызды тасқа соғып қалуымыз ғажап емес.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
09 шілде 2025 ж. 54 0