Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Рақымшылық заңы Қызылорда облысындағы 200 адамға қолданылады

Рақымшылық заңы Қызылорда облысындағы 200 адамға қолданылады

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша төмен №37 мекемесінен Конституцияның отыз жылдығына байланысты рақымшылыққа іліккендер қатарында алғашқылардың бірі болып 3 адам бостандыққа шықты.

Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, соның бірі – Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабымен 1 жылға бас бостандығынан айырылған тұрғын. Ол Қызылорда қалалық №2 сотының қаулысымен мерзімінен 5 ай бұрын рақымшылыққа сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
– Жасаған қылмысыма өкінемін. Бұл мен үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Ендігі мақсатым – отбасыммен қауышып, заң талаптарын бұзбай, жұмысқа орналасу. Сонымен қатар балаларымды дұрыс тәрбиелеуге бар күшімді салғым келеді, – деді ол.
№37 мекеме бастығының орынбасары Нұрлан Мұхтаровтың айтуынша, рақымшылық заңы мекемеде жазасын өтеп жатқан 79 адамға қолданылады. Оның 7-і толық еркіндікке шықса, қалғандарының жазасының мерзімі қысқарады.
– Әзірге 3 адам бостандыққа шықты. Қалғандарының құжаттарын сот қарап жатыр. Рақымшылық заңы аясындағы жұмыстар заң талаптарына сай әрі жүйелі түрде жүргізіледі, – деді Нұрлан Мұхтаров.
Заң аясында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінен 200-ден астам босатылады.
Бұған дейін біз рақымшылық аясында Солтүстік Қазақстан облысындағы №50 мекемеде жазасын өтеп жатқан алғашқы әйел бостандыққа шыққанын жазғанбыз.

syrboyi.kz
Фото: Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті
18 шілде 2025 ж. 86 0