Елімізде тамыз айындағы ҰБТ басталды

Тестілеуге қатысу үшін 28 мыңға жуық өтініш қабылданды.
ҰБТ-ға қатысушылардың 65%-ға жуығы қазақ тілінде, 35%-ы орыс тілінде, 89 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірген.
Өткізудің бірінші күні 2,2 мың адам ҰБТ тапсырады.
Тамыз айындағы ҰБТ-ға ағымдағы және өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, қандастар (ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтар), шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері, шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға, басқа мамандықтардан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер және жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер қатысады.
ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды жоо-лардың қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
Естеріңізге салсақ, тамыз айында өтетін ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz 25 шілде мен 5 тамыз аралығында жүргізілді.
Фото: Нұрболат Нұржаубай