Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жағалауда көрікті құрылыс қанат жайды

Жағалауда көрікті құрылыс қанат жайды

Құрылыс ел экономикасы өсімінің басты драйвері деп нық сеніммен айта аламыз. Елімізде бұл сала көлемі жағынан өсу бойынша да лидер атанды. Бір қызығы, сала тағы бір жоғары технологиялық сегмент – ақпарат және коммуникация саласымен бір қатарда көш бастап тұр.
Расында құрылыс саласы ешқашан кенже тартатын сала емес. Тіпті дағдарыс кезеңдерінің өзінде бұл бағыттағы жұмыстар тоқайраған емес. Мәселен 2020 жылы ішкі жалпы өнім 2,5 пайызға төмендеген кезде құрылыс секторы бірден 11,6 пайызға ілгерілеген. Бұл – бүкіл секторлар арасындағы рекордтық көрсеткіш. Саладағы осы өсім нақты секторға тиіп кетуі мүмкін пандемия зиянының алдын алған.
Сонымен бірге құрылыс саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор ықпал етуде. Адам саны жағынан сауда, агроөнеркәсіп кешені және білім беру салаларымен иық тірестіреді. Елдегі бүкіл еңбекке жарамды қауымның 7,2 пайызы нәпақасын осы құрылыстан айырып жүрсе, реалды сектордағы еңбекпен қамтылғандардың 17,4 пайызы осы салада істейді. Айта кетейік, нақты секторға құрылыс, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, транспорт және байланыс салалары кіреді.
Иә, бұл саладағы жұмыстар ауданда түрлі бағыттар бойынша жүргізіліп жатыр. Құрылысшылардың тынымсыз еңбегінің арқасында халықтың игілігіне ұсынылатын әр саладағы жұмыстарға тоқтала кетейік.
Білім беруге басымдық
Сөздің басын тоғыз жолдың торабына айналған Сексеуіл кентінен бастауды жөн көрдік. Мұндағы басты құрылыс нысаны – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 300 орындық мектеп. Балалардың болашағына бағдар болатын, ата-аналар мен ұстаздардың, барша кенттіктердің қуанышына баланған мектептің құрылыс алаңында 80-ге жуық адам, 6 техника жұмылдырылған. Бүгінде мектептің ішін ағарту, кафель басу, есіктерін орнату және спорт залдың ішкі жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, ғимаратқа жиһаздарды орнату және құру жұмыстары жүргізілуде. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесіп жұмыстар атқарылуда. Жұмыс 90 пайызға орындалған. Мердігер «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС жұмыстың сапасына ерекше мән беріп орын.
Ал аудан орталығында жүріп білім беру саласына тиесілі тағы бір құрылыс нысаны Арал қаласындағы 1910 жылы салынған №14 мектеп-лицейде күрделі жөндеу жұмыстары. Ғасырдан астам тарихы бар мектептің іргетасы берік сақталғанымен, инженерлік жүйелері толық жаңартылып, шатыр, терезе, еден ауыстырылып, сыртқы әрлеу және аула абаттандыру жұмыстары толықтай атқарылуда.
Мұнан бөлек Мергенсай ауылындағы 150 орындық мектеп құрылысына 70-ге жуық адам, 12 техника жұмылдырылған. Мердігер «Бақ-Береке 2030» ЖШС-ның жұмысы нәтижесінде мектеп ғимаратының І қабаты көтеріліп, ІІ қабаттың кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде.
Иә, бұл білім саласына деген қолдаудың ерекше көрінісі. Биыл ауданда мұнан басқа білім беру нысандары ашылғандығы жайында осыған дейін де ақпараттандырған болатынбыз.
Ұлт саулығы бірінші кезекте
Аудан көлеміндегі тағы бір ауқымды нысан «Қамқорлық» оңалту орталығының құрылысы. Қазіргі таңда нысанға қажетті құрылғылар «Қамқорлық» корпоративтік қоры арқылы толық жеткізілген. Ендігі кезекте, бірқатар медициналық құрылғыларды орнату, құру жұмыстарын жүргізетін арнайы инженерлердің Ресей Федерациясынан келуі күтілуде.  Бүгінде құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған.
Ауқымды нысан деуімізде себеп бар. «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмысын бастаса аралдықтардан бөлек көршілес Қазалы ауданының және Ақтөбе облысының Шалқар ауданының мүгедек балдарына медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір жаңалық көпбейінді аудандық орталық аурухана ғимаратына блокты жапсарластыра отырып реконструкциялау жұмысы. Қазірде бұл құрылыстың ІІ қабатының жабындыларытөселіп, І қабаттың терезелерін орнату, ішкі сылақ жұмыстары жүргізілуде. Жобада 21 төсектік инсульт бөлімі, 21 төсектік кардиология бөлімі, МРТ және КТ бөлмелері қарастырылған.
Мұнан бөлек Арал аудандық көпбейінді аудандық орталық ауруханасына 25 төсектік инфекциялық қосымша бөлімше құрылысы да жүріп жатыр. І қабаттың қабырғаларын өру жұмыстары, сондай-ақ, жертөле еденіне бетон құю жұмыстары жүргізілуде.
Бұл қос құрылыстың халыққа сыйлаған қуанышы ерекше. Жылдар бойы күткен жаңалық биыл қолға алынған кезде аралдықтардың алғысы алғаусыз болған. Ал жұмыс жақындаған сайын ел иігіліген берілер сәтті тағатсыздана күтетіндері күмәнсіз.
Ауызсу мәселесі алдыңғы қатарда
Құрылыс десе әлбетте тас қалаушылар мен сылақшылар, сырлау мен әрлеу жұмыстары ойға оралатыны сөзсіз. Алайда мұнан да бөлек құрылыстың маңызды салаларын естен шығармаған дұрыс. Сол бағыттың бірі ауызсу мәселесі екені талассыз. Сондықтан аудан көлемінде істеліп жатқан құрылыс жұмыстарының бірі – ауызсумен қамты жайында айта кеткен артық болмас.
Қазіргі таңда Ақбасты елді мекені толықтай орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылды. Бүгінде «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының «Арал-Тоқабай-Абай» қосу тармақтарын салу, Тоқабай, Абай елді мекендерін сумен жабдықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылы тамыз айында басталып, Тоқабай елді мекеніне 16,7 шақырым ішкі ауыз су желісі, 80 дана көру құдығы, 138 тұрғын үйге шығару нүктесі монтаждалды. Сондай-ақ, 39,1 шақырым Жақсықылыш-Тоқабай магистралды су желісі тартылды.
Осы бағыттағы тағы бір құрылыс – Тастүбек елді мекенін ауыз суға қосу жұмысы. Қазіргі таңда 30,7 шақырым су желісі жүргізіліп, 30 көру құдығы монтаждалған. Насосты станция мен су сақтау мұнарасының жер жұмыстары жүргізілуде. Нысан басында 5 техника және 40 адам жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалған.
Ерімбетжаға елді мекенін сумен жабдықтау да жүйелі түрде жүріп жатыр. Қазіргі таңда 23,7 шақырым су желісі жүргізіліп, 30 көру құдығы монтаждалған. Насосты станция мен су сақтау мұнарасының жер жұмыстары жүргізілуде. Нысан басында 4 техника және 35 адам жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары 65 пайызға орындалған.
Салауаттылыққа бастаған кешен
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әркез бұқаралық спортты дамыту жайында сөз қозғап келеді. «Қазір негізгі күш-жігерді Олимпиада мен Азия ойындарына, сондай-ақ өзге де еуропалық, әлемдік деңгейдегі турнирлерге дайындалу үшін жұмсау керек. Қазақстан спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз. Қалашықтың спорттық әлеуетін арттыра беруіміз керек» деген Президенттің бастамасы аудан көлемінде де істеліп келеді. Оған бірден-бір дәлел Шижаға елді мекеніндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы.
Қазіргі таңда, нысанның нөлдік деңгейдегі жұмыстары жүргізіліп, темір конструкциялары тұрғызылған. Құрылыс жұмыстары 40 пайызға орындалған.
Мәдениет ұлттың мәйегі
Аманөткел ауылдық округіндегі 150 орындық ауылдық клубтың құрылысы да қазірде 45 пайызға орындалған. Қазіргі таңда, нысанның іргетасы мен нөлдік деңгейі толық монтаждалып, қабырғалары қалануда. Құрылыс жұмыстары қаржыландыру мәселесіне байланысты уақытша тоқтап тұр.
Сан саладағы серпін
Жоғарыда айтқанымыздай аудан көлеміндегі құрылыс жұмыстар әр салының ілгерілеуіне әкеліп отыр. Кәсіпкерлік, газдандыру, жарықтандыру, жол салу бағытындағы бастамалардың қайсысын алсақ та ауданның алға басқанын анық аңғарамыз. Бұл мақтанышпен айтуға тұрарлық жұмыс.
Мәселен түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытының құрылысы 100 пайызға аяқталған. Сүт өңдеу ғимаратаның темір конструкциялары құрастырылуда. Негізгі құрал-жабдықтар Арал қаласына жеткізіліп, орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша нысан ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Тағы бір нысан – Арал ауданындағы қуаттылығы 30 МВт құрайтын күн электр станциясының құрылысы. «Альхена» ЖШС-нің «Қуаттылығы 30 Мвт күн электр станциясын салу» жобасын іске асыру мақсатында Арал қаласына кіре берістен 65 гектар жер телімі берілді. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйек айында бастау алады деп күтілуде.
Автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы бар көп функционалды жол бойы кешені жобасы бойынша кешенде 2 калонка газ құю бекеті, азық-түлік дүкені, намазхана, 100 адамға тамақтану орыны, көлік жөндеу орталығы және капсульдық қонақүй ашу жоспарланған. Қазіргі таңда табиғи газды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Арал қаласының маңынан 2 гектар жер телім табысталып, негізгі насанның қабырғасын қалау жұмыстары жүргізілуде.
 Онталап ЖОЛДАСОВ
16 тамыз 2025 ж. 50 0